Елорда іргесіндегі Қосшы қаласында «Алтын домбыра» айтысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда іргесіндегі Қосшы қаласында «Алтын домбыра» айтысы өтті

10.12.2021

Елорда іргесіндегі Қосшы қаласында алғаш рет аламан айтыс өтті. Тәуелсіздік мерекесінің шымылдығы осылайша төл өнермен түрілді. Сөз сайысын өткізуге қала мәртебесін жуырда ғана алған шаһардың ақсақалдары бастамашы болған. Олар қаланы рухани жағынан да дамыту керек,-деген тоқтамға келді. Осылайша әр өңірден келген 10 ақын егемендікті жырлады. Бәрі 30-ға толмаған жас таланттар. Мұндағы мақсат – азат елде туған азаматтардың Тәуелсіздікке арнауын тыңдау. Солардың көзқарасын бағамдау. Бас жүлде жергілікті шеберлер соққан ұлттық аспап домбыра. Қосшы қаласының «Алтын домбырасы» деген атақ беріліп, қосымша қанжығасы да майланады. Сөз қадірін өз қадірім деп білген жұрт үшін айтыс алдағы уақытта да жалғасын табады.

 Берген Жұмкейұлы, Қосшы қаласы әкімінің орынбасары:

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жеткен жетістіктеріміз. Оның ішінде ең маңызды жетістігіміз біз үшін, қосшылықтар үшін қала мәртебесін алуы. Бұл түркі халықтарының ішінде біз бен қырғызда ғана бар. Сондықтан төл өнерден үлкен іс шараны – Тәуелсіздікті төл өнермен атап өткіміз келді.


Хабарламаларға жазылу