Қостанайда 5 ауылға орталық су желісі тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда 5 ауылға орталық су желісі тартылды

10.12.2021

Биыл Қостанай облысында 104 ауылға су тарату қондырғысы орнатылып, бесеуіне орталықтандырылған желі тартылды. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін 45 жоба жасалып, оған 15 млдр теңге қаржы жұмсалған. Осылайша облыста ауылдық елдімекендердің 80 пайызға жуығы сапалы ауызсумен қамтылды.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қуанышқа кенелгендердің бірі - Наурызым ауданындағы Раздольный ауылының тұрғындары. Шалғай елдімекенде 200-ге тарта үй бар, адам саны алты жүзден асады. Бұған дейін жұртшылық амалсыз құдықтың тұзды суын тұтынып келген.

Ауылды орталық су желісімен қамту жұмысы былтыр басталды. Жоба аясында 16 шақырым құбыр төселіп, ауыл шетіне 200 текше метрлік су жинау қоймасы мен сорғыш станция салынды.

Жанар Ахметова, Раздольное ауылының тұрғыны:

Ауызсу тартылды. Үйге кіргізілді. Судың сапасы өте жақсы. Енді су жылытқыш, кір жуғыш машинасын орнатамыз деп отырмыз. Осындай ауылға су тартылып жатқанына өте қуаныштымыз.

Дәуренбек Әбдібек


Қостанай

Хабарламаларға жазылу