Тәуелсіздік күні қарсаңында елге елеулі 60-қа жуық маңғыстаулық азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Өңір дамуына ерекше үлес қосқан ерен еңбек иелеріне марапатты Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев табыстады.
Сұлтан Жаңбыров - өмірінің 54 жылын білім беру саласына арнаған ардақты ұстаз. Ол Бейнеу ауданында қарапайым мұғалімнен бастап, басшылық қызметке дейін көтеріліп, арнаулы орта оқу орнының негізін қалаған. Білім саласының ардагері Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Парасат» орденімен марапатталды.
Сұлтан Жаңбыров, Ардагер ұстаз, «Парасат» орденінің иегері:
Осындай зор құрметке ие болып, орденмен марапатталып жатқаныма өте қуаныштымын. Бұл мереке - еліміздің тәуелсіздігінің жемісі. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, еліміз тек дами берсін, алға баса берсін деген бір ауыз тілегімді айтқым келеді.
Құрметке ие болғандар қатарында мұнайшылар, теміржолшылар, білім және денсаулық сақтау саласының мамандары бар. Маңғыстаулықтарды мерекемен құттықтаған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Тәуелсіздіктің 30 жылында қол жеткізген маңызды жетістіктерге тоқталды.Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде жүргізіліп келе жатқан саяси-экономикалық және әлеуметтік реформаларды атап өтті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Елбасы НӘН тың стратегиялық саясаты арқасында мемлекеттігіміз толық қалыптасты. Тәу алған жылдары Маңғыстау да жаңғырды. Мемлекет басшысы ел тізгінін қолға алған кезден бастап, осы киелі өлкеге бірнеше рет келді. Биыл қыркүйекте облыстың әлеум экономикалық дамуы жөнінде арнайы кеңес өткізді. Осының арқасында Маңғыстау Тәуелсіздіктің төртінші он жылдығына дамудың жаңа белесіне қадам басады деп сенеміз
Сенат Төрағасы жұмыс сапары аясында Ақтау қаласындағы онкологиялық диспансерге арнайы барып, дәрігерлермен және медицина қызметкерлерімен кездесті. Одан бөлек, биыл ел игілігіне берілген «Халық Арена» спорт кешеніне барды.