Жемқорлыққа қатысты қылмыстық істің әр үшіншісі пара беруге қатысты. Жыл басынан тіркелген 1,5 мыңдай қылмыстың шамамен 500ден астамы пара беріп, жазаға тартылғандар. Олардың арасында әртүрлі рұқсат қағаздар алуға, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік сатып алуға қатысты пара ұсынғандар көп. Жемқорлыққа қатысты қылмыстың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, білім,коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау салаларында тіркеліп отыр. Ең ірі жемқорлық оқиғасы, ауыл шаруашылығы саласында орын алған. Жартысына жуығы субсидияға бөлінген қаражатты жымқыруға қатысты. Ел бойынша қылмысы әшкере болған 1280 адамның ішінде бір вице-министр, 13 әкім және оның орынбасарлары, 4 судья және 28 облыстық басқарма басшысы бар. Мемлекет бюджетіне келтірілген 20 млрд теңгеден астам шығын қайтарылған.
Марат Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
Биыл жемқорлық ісі өткен жылға қарағанда 34 пайызға азайып отыр. Оның өзіндік себептері бар. Біз бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күресте үшбуынды жұмыс жүйесіне көштік. Қазір сыбайлас жемқорлық ісі бойынша күдіктіге қатысты барлық процесуалды шешімдер прокурордың келісімінсіз заңды күшіне енбейді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдама әзірленді
Жиында 5 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдаманың мақсат-міндеті айтылды. Осы бағдарлама аясында енді шенеуніктер түрлі тәсілмен сыналады. Қызметіне адал емес мамандар алдын-ала анықталып, жұмыстан шеттетуге дейін жетуі мүмкін. Сондай-ақ келер жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің кірісі мен шығысы бақылауда болмақ. Егер кірісі негізсіз артқан жағдайда бірден тексеріледі.