Жемқорлыққа қатысты қылмыс: Пара беретіндер көбейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жемқорлыққа қатысты қылмыс: Пара беретіндер көбейіп барады

09.12.2021

Жемқорлыққа қатысты қылмыстық істің әр үшіншісі пара беруге қатысты. Жыл басынан тіркелген 1,5 мыңдай қылмыстың шамамен 500-ден астамы пара беріп, жазаға тартылғандар.

Азаматтар параны көбіне қандай қызмет үшін береді?

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Пара беру азаматтардың қалыпты әдетіне айналып барады дейді сала басшысы. Салдарынан қылмыстық іске тартылғандар көбейген. Әртүрлі рұқсат қағаздар алуға, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік сатып алуға қатысты пара ұсынғандар көп. Жемқорлыққа қатысты қылмыстың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, білім, коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау салаларында тіркеліп отыр. Ең ірі жемқорлық оқиғасы, ауыл шаруашылығы саласында болған. Жартысына жуығы субсидияға бөлінген қаражатты жымқыруға қатысты. Ел бойынша қылмысы әшкере болған 1280 адамның ішінде бір вице-министр, 13 әкім және оның орынбасарлары, 4 судья және 28 облыстық басқарма басшысы бар. Мемлекет бюджетіне келтірілген 20 млрд теңгеден астам залал қайтарылған.

Марат Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

Биыл жемқорлық ісі өткен жылға қарағанда 34 пайызға азайып отыр. Оның өзіндік себептері бар. Біз бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күресте үшбуынды жұмыс жүйесіне көштік. Қазір сыбайлас жемқорлық ісі бойынша күдіктіге қатысты барлық процесуалды шешім прокурордың келісімінсіз заңды күшіне енбейді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдама әзірленді

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Жиында 5 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдаманың мақсат-міндеті айтылды. Осы бағдарлама аясында енді шенеуніктер түрлі тәсілмен сыналады. Қызметіне адал емес мамандар алдын-ала анықталып, жұмыстан шеттетуге дейін жетуі мүмкін. Сондай-ақ келер жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің кірісі мен шығысы бақылауда болмақ. Егер кірісі негізсіз артқан жағдайда бірден тексеріледі. Жемқорлық қылмыс жасаған құқық қорғау органы мен судьялар үшін санкциялар күшейтілген. Парақорлықпен ұсталғандарды бас бостандығынан айыру мерзімі 15 жылға дейін ұзартылды және түрмеден ерте босатылмайды. Осындай шаралардың арқасында жемқорлық оқиғаларын азайтуға болады дейді агенттік төрағасы.


пара

Хабарламаларға жазылу