Таразда «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 7 отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 7 отбасы баспаналы болды

09.12.2021

Таразда Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бірнеше отбасы қоныс тойын тойлады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша жеті отбасыға баспана кілті табысталды.

Жалғызбасты ана Аида Әбдезова он жылдан бері пәтер кезегінде тұрған. Қолында қарт анасы, әпкесі мен оның төрт баласы бар. Мына аядай бір бөлмелі үйді сегіз адам жалдап келген. Жақын күндері жаңа баспанаға көшпек.

Аида Әбдезова, жалғызбасты ана:

Алғысым шексіз, отбасымызбен қуанып жатырмыз. Әсіресе балаларым. Үйге келдік, көрдік, ұнады. Балалар ертерек көшіп келсек екен деп қоймай жатыр. Жаңа жылды осында қарсы аламыз деген ниетіміз бар.

Пайдалануға берілген үш бөлмелі әр үйдің аумағы сегіз сотықтан. Ішінде қажетті жиһаздар мен тұрмыстық заттар да бар. Жалпы, «Шалғай Қарасу» тұрғын алабында 15 үйдің құрылысы басталған. Алдымен жетеуі берілсе, қалған сегіз баспана да жыл соңына дейін салынып бітпек. Ал көптен күткен үйге қолы жеткендердің бірі -  көпбалалы ана Гүлмира Ұзақбаева.

Гүлмира Ұзақбаева, көпбалалы ана:

Үйдің кезегінде тұрғанмын. Арманыма жеттім. Әкімдерге, демеушілерге рахмет. Алғыс айтамын. Арманым орындалды.

Өңірде «Асарлатып үй салу» жобасы аясында былтыр 99 үй бой көтерсе, биыл 133 баспана тұрғызу жоспарланған. Бүгінде 75 үйдің құрылысы аяқталды.



Хабарламаларға жазылу