Жеті кітаптың тұсауы кесілді (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеті кітаптың тұсауы кесілді (толығырақ)

12.03.2014
Жеті кітаптың тұсауы кесілді (толығырақ)
 Әдебиет пен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге үлес қосып жүргендер аз емес. Бүгін 6 қаламгер мен 1 қылқалам шеберінің кітабы жарыққа шықты. Сиясы кеппеген туындылардың тұсаукесері Астанадағы Ұлттық кітапханада өтті.
 
Көзіңде қоңсы тірлік көнергенде,
Қол үзіп, өмірден де, өнерден де.
Кеудеңнен жаның қашып жөнелгенде,
Таспасына барлығын жазып алған,
Қара жәшік не дейді, сен өлгенде...?!
Қара жәшік не дейді, мен өлгенде...?!
 
Бұл - қарағандылық жас қаламгер Қуаныш Медеубаевтың өлеңінен үзінді. Оның ойынша, ұшақ апатының салдарын жадында сақтайтын қара жәшік әр адамда болады. Жас ақын осылайша, адам жанына өзге қырынан үңіледі.
 
Ал суретші Ғалым Смағұлұлы өзінің карикатуралары арқылы қоғамдағы түйткілді мәселелерді сарказммен жеткізуге тырысыпты.
 
Ғалым Смағұлұлы, суретші:
100-ден аса суретті іріктеп шығарып отырмыз. Қазіргі саяси оқиғалар, әлеуметтік мәселелер болсын, әрқайсысының екінші жағы бар. Соларды карикатура арқылы жеткіздім.
 
«Сол бір сәуле». Жеті кітаптың бірі осылай аталады. Бұл - ақын қыздың жүрегін жарып шыққан жалынды жырлардың жинағы. Авторы - Әлия Дәулетбаева.
 
Әлия Дәулетбаева, ақын:
Бұл - алғашқы жыр жинағым. Өмірдің өзі бір күндік сәуле, өтіп кететін. Сол себепті осы тақырыпқа тоқталдым. Жинаққа сәулелі шақтарды жырлаған өлеңдерім енді.
 
Талантты танып, оларға демеу көрсету - абыройлы міндет. Жеті кітаптың әрқайсысы 1000 данамен жарық көрді. Ал оның басылып шығуына «Алтын қыран» қайырымдылық қоры мұрындық болған.
 
Айдана ҮСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу