Кaspi.kz ІPO-сы Қазақстандағы капитал нарығына серпін берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кaspi.kz ІPO-сы Қазақстандағы капитал нарығына серпін берді

07.12.2021

Бүгінде әлем Қазақстанды тек шикізатқа бай мемлекет қана емес, технологиялық қуатты ел ретінде таниды. Еліміздегі капитал нарығын арттыруға Kaspi.kz компаниясы өлшеусіз үлес қосты. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жетекші америкалық және халықаралық инвестициялық компания өкілдерімен кездесуі кезінде айтылды.

Дәл қазір Kaspi.kz - бірегей бизнес модель ретінде көптеген елдерде үлгі. Қазақстанда құрылған компания IPO-ға шыққалы бері еліміздегі капитал нарығында өзгеріс бар. Шетелдік инвесторларды тартуға серпін берді. Жалпы, Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсартуға, бағалы қағаздар нарығын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қаржы технологиясы бойынша аймақтағы көшбасшы Kaspi.kz-тің IPO-сы капитал нарығының динамикасын арттырып, ілгерлеуіне үлес қосты. Сонымен қатар елімізде инвестициялық ахуалды жақсартуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы саладағы жүйелі әрі жан-жақты жұмыстардың арқасында біз Орталық Азиядағы ең ірі әрі посткеңестік кеңістікте жылдам дамушы экономикаға айналдық.

Инвесторлар да Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жаңа деңгейге көтере алған Kaspi.kz-тің маңыздылығын атап өтіп, елге капиталды одан әрі табысты тарту бойынша өз ұсыныстары мен идеяларымен бөлісті.

Даг Снайдер, /АҚШ/ Luxor Capital инвестициялық компаниясының президенті:

Біз жеке нарықтарға ғана емес, сонымен қатар жетекші корпорациялар мен салаларға шоғырланғанбыз. Біз Kaspi.kz-ке инвестиция салғанымызға өте қуаныштымыз. Мен сіздің мемлекетті, мұнда бар нарықтарды одан әрі зерттеуді жалғастырамын. Болашақта керемет серіктестік болады деп үміттенемін.

Президентпен кездесу соңында шетелдік инвесторлардың кейбірі әлеуметтік желілерде пікір жазды. Мәселен, ірі ағылшындық инвестициялық компания директоры Адам Монтанаро Kaspi қосымшасы елімізге ерекше құндылық әкеліп, экономиканы цифрландыруға көмектескенін атап өтті.


Хабарламаларға жазылу