Теміржол көлігімен Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымалдың жылдық көлемі 1 миллион контейнерге жетті! Бұл - тәуелсіздік жылдарында Елбасы стратегиясына сай заманауи инфрақұрылым қалыптастыра білген теміржолшылар еңбегінің нәтижесі. Еліміздің транзиттік әлеуеті зор екенін тағы бір мәрте дәлелдеген тарихи сәтке әріптесім де куә болып қайтты.
Транзиттік пойыз миллионыншы контейнерді Қытайдың Сиань қаласынан Алтынкөл станциясына жеткізді. «KTZE Khorgos Gateway» құрлық портында теміржол көлігі тар жолдан кең жолға ауыстырылғаннан кейін, контейнер Ақтау портына, одан әрі Каспий теңізі арқылы Түркияның Мерсин қаласына жеткізіледі.
«Қазақстан темір жолы» компаниясы жүк легіне кешенді қызмет көрсету, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және тауардың қауіпсіздігі мен уақытылы жеткізу шарттарын сақтау үшін қолайлы жағдай жасауда. Соның арқасында Қазақстан арқылы жүктерді контейнерлерде тасымалдау ісі қарқын алып отыр. 2016 жылдан бастап транзиті контейнерлік тасымалдау көлемі 4,5 есе көбейген.
Нұрлан Игембаев, «KTZ Express» АҚ Басқарма төрағасы:
Тасымалдың жылдамдылығы және бағасының тиімділігі ғой. Егер теңіз көлігімен таситын болса, 35 күнде жетеді. Ал теміржол көлігімен толық жүру уақыты - 17 күн.
Құрлық портындағы алты теміржолдың үшеуі Қазақстанға, қалғаны Қытайға тиесілі. Сондықтан көрші елдің тарапынан келген жүк Қазақстанның пойызына ауыстырылып, тиелді. Арнайы техникалар арқасында оған бар-жоғы бір сағат уақыт кетеді.
Мадияр Омаров, «KTZ Express» АҚ Департамент директоры:
Тәулігіне біздің терминал 10 пойызға дейін қабылдап жатыр. Он пойыз 1200 ЖФЭ-ға дейін барады. Келесі жылы терминалдың мүмкіншілігін арттыруға жұмыс жасалып жатыр. 16 пойызға дейін тәулігіне тиеп, түсіруге қауқарымыз бар.
Тәуелсіздік жылдарында көлік саласын дамытуға қатысты стратегияға сәйкес елімізде заман талабына сай теміржол инфрақұрылымы қалыптасты. Қорғас, Құрлық порттары салынып, Ақтау порты жетілдірілді. Екі жарым мың шақырымнан астам теміржол төселді. Транзиттік тасымал мүмкіндігін жылына миллион контейнерге жеткізумен қатар, экспорттық және импорттық алыс-берісте де жүктерді контейнерлермен жеткізудің логистикалық жүйесі жолға қойылды.
Қуан Нұрақын