Ақтөбе қаласында қаңғыбас иттер көбейіп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе қаласында қаңғыбас иттер көбейіп кетті

07.12.2021

«Қаңғыбас иттерден қауіп көп!» Ақтөбе қаласының тұрғындары осылай деп дабыл қағып отыр. Әсіресе шаһар маңындағы Қызылжар, Рауан елдімекендерінің халқы балаларын мектепке жалғыз жіберуден қалған. Тіпті төртаяқтылардың бірнеше мәрте адамдарға шапқан кездері де болған. Тақырыпты осы өңірдегі тілшіміз Жақсыбек Кемал жалғастырады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қаңғыбас иттерді саяжай аумақтарынан жиі кездестіруге болады. Тұрғындардың айтуынша, әсіресе биыл ерекше көбейіп кеткен. Сондықтан балаларын үйден жалғыз шығаруға қорқады.

Көше қаңғыған мұндай бұралқы иттер тек саяжайларда ғана емес, қала ішінде де қаптап жүр. Әсіресе шеткері аумақтағы Қызылжар ауылының тұрғындары үйден шығудан қалдық дейді. Себебі төрт аяқтылар бірнеше мәрте адамдарды да қауып алған. Ал мектеп жасындағы балаларға тіпті қиын.

Сауадатхан Мырзабаева, Қызылжар ауылының тұрғыны:

Иттердің саны жоқ, біреуінің мойнында қарғы бауы болады, біреуінде қарғы бау болмайды. Енді өлтіріп тастауға аяймыз. Бала ойнап жүрген кезде қауып алған. Ол 0-сыныпта оқитын.

Шайзада Нұрболатова, Қызылжар ауылының тұрғыны:

Қапқан кезі, бір-екі рет ырылдап келді менің қасыма. Сосын қозғалмай тұрдым. Ал тістесең тісте деп, баламды артыма ұстап тұрдым. Қайтейін енді деп.

Тұрғындар бұған дейін құзырлы орындарға бірнеше мәрте арызданған. Алайда қауіп сейілмей тұр. Өйткені көшеде жүрген иттердің көбінің иесі болғандықтан, ветеринарлық орталықтың алып кетуге құқығы жоқ.

Бақұзақ Дарин, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:

Осы күні жұмыс жүріп жатыр. Қалалық ветстанцияға қаржы бөлінеді әрине. Қаржы есебінен иттерді аулау жұмысын жүргізеді. Соңғы 2-3 күннің ішінде 7-8 ит аулап үлгерді.

Ақтөбеде иесіз иттерді ұстайтын арнайы орын жоқ. Сондықтан оларды тек Ветеринарлық орталық аулап, көзін жоя алады. Биыл 21 миллион теңге бөлініп, қала бойынша 5 мың ит ауланған.

Алпамыс Тұрымов, Ветеринарлық станция директоры:

Шағым бойынша барамыз, көшеде қуып жүріп ұстау деген жоқ. Күнде мектеп директорлары, жеке тұрғындардың, әкімшілік, учаскелік полиция шағымымен барамыз.

Тағы бір мәселе - ветеринарлық орталықта жұмысшы тапшы. Негізі ит аулаумен 9 адам айналысуы керек болса, қазір 4 маман ғана жұмыс істеп жүр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу