Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің деңгейін сақтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің деңгейін сақтады

07.12.2021

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдады. Сонымен жылдық ставка 9,75% деңгейінде сақталды. Бұл қысқа және орта мерзімді перспективада инфляция тәуекелдерінің теңгерімін ескере отырып шешілген. Банктің ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің ұйғарымы осы.

Әлемде азық-түлік бағасы 27,3%-ға өскендіктен, сыртқы инфляциялық қысым әлі сақталып отыр. Қазақстанның негізгі сауда әріптесі – Ресейде инфляция қарқыны 8,1%-ға жетті. Демек көрші елдегі кері көрсеткіштер бізге де теріс әсер етпей қоймайды. Бірақ тауар нарығындағы теңгерімсіздікті реттеу арқылы алдымен инфляцияны 8,5%-ға, кейін тағы түсіру көзделген.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары:

Біздің бағалауымыз бойынша, 2022 жылы жылдық инфляция біртіндеп баяулайды. 6-6,5% шегінде қалыптасады. Үкімет тарапынан инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені тиімді іске асырылса, келер жылы инфляцияның төмендеуі серпінді болуы мүмкін.

Ішкі экономикада іскерлік белсенділік пен тұтынушылық сұранысты біртіндеп қалпына келтіру процесі жалғасып жатыр. Экономиканың нақты секторындағы ахуал да оңтайланды. Осының бәрі ескерліп, базалық мөлшерлеменің 9,75%-ға бекуі – орынды шешім.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары:

Негізгі бағдарымыз – баға тұрақтылығын қамту және инфляцияны нысаналы дәлізде сақтау. Себебі тұрақты әрі төмен инфляция – экономиканың орнықты дамуының кепілі. Қазіргі жағдайда мөлшерлемені төмендете беру теріс салдарға соқтыруы мүмкін. Біздің нарықпен қатынасымыз барынша айқын. Сыртқы және ішкі факторларға қатысты қолданылған іс-әрекеттер орынды.

Дегенмен Ұлттық Банк өкілінің пайымдауынша, инфляцияға қатысты болжам өзгеруі мүмкін. Ауытқуды адам еркінен тыс вирустың жаңа штамдары жасауы ғажап емес. Бұл – әлемдік экономиканың қайта құлдырауына қарай мұнай бағасының күрт төмендеу тәуекелі. Мұндай жағдай былтыр көктемде болды.

Нысаналы Ығыл 


Хабарламаларға жазылу