«Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлері марапатталды

07.12.2021

Алдағы 4 жылда елде 500-ге жуық индустриалды жоба іске асады. Бірақ өнеркәсіп саласында білікті кадр тапшы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсіміне қатысып, кәсіпкерлікті дамыту тетіктеріне тоқталды.

Үздіктер қатарына ілігу оңай емес. Нарықта кәсіп көп. Бәсеке басым. Ісін ілгері жылжытып, ұлттық өнім арқылы импортты ығыстыра алатындар ғана осында шақырылды.

Жұмабай Жақсылықұлы – шағын шаруа қожалығының иесі. Артықшылығы - қаржысын қайырымдылыққа жұмсайды. Ауылына мектеп салып берді. Әлеуметтік мәселелерін шешіп жүр. Үдере көшкен жұртты тоқтатып, күйрегелі тұрған тұтас ауылды сақтап қалды.

Жұмабай Жақсылықұлы, «Парыз» сыйлығының иегері:

Алдағы жылы 10 үй салғым келеді. Ауылдың еңбеккерлеріне. Мен Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың істеген ісін шамалы болса да жалғастырғым келеді.

Біздегі көп кәсіпке жаңашылдық жетпей жатады. Бұл бизнестің дамуын тежейді. Ал Ақмола облысының «Агрофирма» шаруашылығы инновацияға ең икемді кәсіпорын деп танылды. Ұжым «Алтын сапаның» бас жүлдесін жеңіп алды.

Бұл кезекті марапат емес, кәсіпкерлерді ынталандыратын ең жоғары жүлде. 15-рет өтіп отыр. Осы аралықта 150-ге жуық компания үздік деп танылды. Алдағы 4 жылда тағы 500-ге жуық индустриалды жоба іске асады. Бірақ өнеркәсіп саласында білікті кадр тапшы. Президент Үкіметке мәселені шешуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкімет аталған өндіріс орындарында жұмыс істейтін білікті кадрларды осы бастан дайындауы керек. Бүгінде мемлекет жұмыс берушілерге нақты қолдау көрсетіп отыр. Мемлекет тарапынан тиісті субсидиялар қарастырылған. Дегенмен әлі де жеткіліксіз. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жұмыспен қамтуды және қызметкерлердің біліктілігін арттыруды ынталандыруға бағытталған қосымша шараларды пысықтауы қажет.

Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға кәсіпкерлердің үлесі көп. Әсіресе пандемия кезінде қолдау ерекше.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биылғы «Парыз» байқауына қатысушылардың әлеуметтік жобаларға және қайырымдылық шараларға 20 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады. Олар 7 мың жаңа жұмыс орнын ашқан. Елімізді өркендетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бизнес өкілдері барынша атсалысуда.

Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы тағы бір жылға ұзартылады. 2022 жылдың соңына дейін жалғасады. Жалпы, тәуелсіздік жылдары елімізде 1500 кәсіпорын ашылды. Қазақстанда өңделген өнімдер бүгінде 131 мемлекетке экспортталады.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу