Мәжілісте азаматтық қорғау жүйесін дамыту мәселесі талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілісте азаматтық қорғау жүйесін дамыту мәселесі талқыланды

06.12.2021

Қазақстандағы құтқарушыларды азаматтық қорғау органдарының арнайы атақтары бар қызметкерлер санатына кезең-кезеңімен ауыстыру керек. Мұндай ұсынысты еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жасады. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағаты азаматтық қорғау жүйесін дамыту тақырыбына арналып, осы саладағы түйіткілді мәселелер талқыланды.

Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жұмысында қауіп-қатер көп болғанымен, әлеуметтік жағдайлары мәз емес. Сондықтан білікті мамандар басқа жұмысқа жиі ауысып кетеді. Үй мәселесі шешілмегендіктен, соңғы 3 жылда азаматтық қорғаныс қызметінен 1,5 мыңға жуық адам басқа салаға кеткен. Өз өмірін қатерге тігіп, өзгелерді құтқарып жүрген мамандардың жағдайын жақсарту мәселесін депутаттар да көтерді.

Мәди Ахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

19 мың қызметкердің 40 пайызы баспанаға мұқтаж. Мысалы, Алматы қаласында соңғы 4 жылда тек 9 қызметкер баспаналы болған. Қазіргі таңда алматылық жалпы құрамның 62 пайызы, яғни 855 адам үй мәселесін шеше алмай отыр. Оларда тіпті «Әскери баспана» бағдарламасына қатысу мүмкіндігі жоқ. Бұл өз кезегінде білікті мамандардың азаюына әкелуде.


Хабарламаларға жазылу