Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласы жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласы жарық көрді

06.12.2021

Нұрсұлтан Назарбаевтың егемендікке арналған мақаласы жарияланды. «Тәуелсіздік тағылымы» деп аталатын мақалада Елбасы өткен күндерді шолып, отыз жылда атқарылған істерге тоқталады. Халыққа алғысын айтады. Мақаланың мазмұнымен тілшіміз таныстырсын.

Нұрсұлтан Назарбаев назарды алдымен арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде түрік аталарымыздың аласапыран замандарына бұрып, Ұлы далада ұлыс құрғанын ұлықтайды. Алайда дәуір алмасты, дәурен өзгерді. Ашаршылықтың екі бірдей толқыны – қазақтың тең жартысын қырды. Сталиндік репрессия ұлтымыздың нар ұлдарын жалмап кетті. Осындай болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрған халқым неткен төзімді деп толғанады. Иә, Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық. Мақаланың мәйегі де, дәйегі де осы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы:

Біз Тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын.

Кеңес дәуірін тарихшылар қауымы «тоқырау» деп атады. Тек билік бекіткен жоспар, көбейтіп көрсететін экономика, жалаң ой, жадағай пікір – қоғамды тығырыққа тіреді. Түбі берекесіздік. Сөйте келе 1991 жылы әйгілі «тамыз бүлігі» болып, КСРО дәрменсіздігін танытты. Нәтижесінде сол жылдың тамыз-желтоқсанында республикалар түгелдей өз тәуелсіздігін жария етті. Бірақ азаттық таңын атыру оңай болмады.

Қуаныш Айтаханов, мемлекет және қоғам қайраткері, 1990-1993 жж. ҚР Жоғарғы кеңесінің депутаты:

Қитұрқы сұрақтарды қойған. Соның мен куәсі болдым. Біз енді орыс империясының орнына қазақ империясын құруымыз керек пе? Бұл республикада 50 пайызға жуық басқа ұлт өкілдері тұрады. Қазақ өкілдері аздау ғой. Сонда біз қайда барамыз? Бұл мәселені референдумға қояйық деген мәселелер туындап жатты. Бір сөзбен айтқанда бұл терең ойлы мақала. Әсіресе жастар үшін, Тәуелсіздікте туған ұрпақ үшін үлкен керек мақала болды деп ойлаймын.

Егемендікке ерен еңбек пен ерлік жеткізді. Елбасы мақалада осы қағиданы қайта қаперге алды. «Еңбек ет, отбасыңды асыра, еліңе қызмет қыл: өзің де табысты бол, Отаныңның да қуаты артады» деген.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы:

Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын.

Шекараны шегендемей тәуелсізбіз деу - шикілік. Әлі күнге жер даулап жауласып жүрген елдер бар. Бірақ Қазақта қазір бұл жағынан проблема жоқ.

Уәлихан Қалижанов, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі: 

Си Цзиньпин айтты: Сізге деген құрметім - сіздің халқыңызға деген құрметім деп білемін. Сондықтан да мен сіз ұсынып отырған шекара бойын сіз ұсынған қалыпта қабылдаймын деді.

Береке – бейбітшілікте. Қазақ мұның қадірін жақсы біледі. Бабалар жері – әскери полигондар мен базаларға, зертханаларға айналған еді. Семей полигонында жарылған атом бомбасының жалпы қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан екі жарым мың есе артық екен. Тажал 1991 жылы 29 тамызда тоқтатылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы:

Бұл әлемдегі төртінші ядролық әлеует еді. Біз атом қаруынан өз еркімізбен бас тартып, бүкіләлемдік ядролық қарусыздану көшін бастадық. Бұл – Қазақстанның жаһандық бейбітшілікті сақтауға қосқан теңдессіз үлесі.

Пандемия – екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен апат. Енді әлем боп күреспесе әлеумет әлсірейді. Нобель сыйлығы лауреаттарының жуырдағы пайымы бұл. Ал Елбасы мұны 30 жыл бұрын ескертіпті. Ең бай мемлекеттердің әскери-соғыс мақсатындағы шығындарының 1%-ын бөлу арқылы төтенше апаттарға қарсы күресудің халықаралық қорын жасауды ұсынған. Дәл сол кезде мен ұсынғандай қор жасалса, пандемия жағдайында кедей елдерге коронавируспен күресуге және оның зиянды зардаптарын жоюға мол мүмкіндік туар еді дейді.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу