Президенттің Швейцария конфедерациясына жасаған сапарына шолу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің Швейцария конфедерациясына жасаған сапарына шолу

05.12.2021

Бұл Берннің тарихи музейі. Онда 500 мыңдай экспонат бар. 2005 жылы Шығыстану институтының профессоры Меруерт Әбусейітова жұмыс сапармен барғанда аяқ астынан «олжаға кенеледі» - ол швейцарлық саяхатшы, дипломат, журналист Анри Мозердің коллекциясы еді. Мозер 19 ғасырдың ортасында Орталық Азия мен Қазақстанға 4 рет сапарлайды. Авантюраға толы саяхаттарынан кейін ол мемуар жазады. Ал Бірінші дүниежүзілік соғыстың басында бүкіл архивін Берн тарихи музейіне өткізген. Сөйтіп толық сақталуын қамтамасыз еткен. Біздің ғалымдар «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында экспонат, құжаттармен танысады. Кейін жинақ шығарды.

Анри Мозердің коллекциясында қылыштар, әшекей заттар, ат әбзелдері, қыштан жасалған бұйымдар, қолдан тоқылған кілемдер бар. Сондай кілемнің бірін, бірегейін қазақ сұлтаны Баймұхаммед сыйлаған көрінеді. Түскілемде хан-сұлтандардың, билер мен байлардың отыратын орындары нақты көрсетілген. Алтын және күміс жіппен зерленген төр ханға тиесілі. Кілем сол уақыттағы қазақтардың саяси иерархиясынан хабар береді деуге болар. Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияға сапарында Анри Мозердің топтамасындағы сол, барқыттан жасалған түскілемді тамашалады.

Қазақ хандығының тарихын ғылыми тұрғыда зерттеу үшін құнды өнер туындысының қысқаша тарихы осындай. Берндегі тарих музейіне ғалымдарды тағы аттандыру керек сияқты. Ал жалпы, Қ.Тоқаевтың Швейцария конфедерациясына ресми сапарын Асима Нұрбайқызы баяндайды.


Хабарламаларға жазылу