Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын қорытындылау аясында Алматыда «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық конференция өтті. Ауқымды шара түркі әлемінің ортақ мақтанышы, қазақ-қырғыз байланысын бекемдеуге үлес қосқан жыр алыбына, екі ел бауырластығына арналды. Басқосуға қос елдің мемлекеттік хатшылары, тарихшылар, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қазақ пен қырғызға ортақ тұлғаларды ұлықтау рухани байланысты биік белеске көтеретінін атап өтті. Конференция аясында Қырғыз Республикасының құрылуына қатысты архив материалдары мен тарихи фотосуреттерден арнайы көрме ұйымдастырылды. Оған қоса қырғыз бен Алаш қайраткерлеріне арналған еңбектер таныстырылды.
Сондай-ақ қос ел делегациясы Абай атындағы опера және балет театрында «Жамбыл жырау» операсынының премьерасын тамашалады. Туындыда ұлы ақынның бойына жыр рухының қонуы сипатталып, ардақты ұстазы - Сүйінбай ақын бейнесі көрініс табады. Шығарма арқылы Жамбыл мен ғашығы Бұрымның баянсыз махаббаты, сөз дүлдүлінің бостандық таңын аңсауы жырланады.
Жазира Оразқызы