Президент халықаралық компаниялардың өкілдерімен кездесті

03.12.2021

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетел инвесторларын құнды қағаздар нарығына қаржы құюға шақырды. Президент Ақордада ірі инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездескен болатын. Жиында Мемлекет басшысы шетелдік инвестициялар Қазақстан дамуының негізгі факторларының біріне айналғанын, сондықтан еліміз инвестициялық ахуалды жақсартуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Бұл тасы өрге домалаған әлемге танымал ірі компаниялардың басшылары. Көбі шалқыған байлардың тізімін жасайтын «Форбс» журналының тұрақты кейіпкерлері. Оларды Ақордада бір үстел басына жинаған президент елге инвестиция құюға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл саладағы жүйелі әрі жан-жақты жұмыстар бізді Орталық Азиядағы ең ірі, посткеңестік кеңістікте жылдам дамып келе жатқан экономикалардың біріне айналдырды. Тәуелсіздік жылдары шетелден 370 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тарттық. Мемлекет инвесторларды барлық жағынан қолдауға басымдық береді. Біз әрбір инвесторды жеке әрі кешенді қолдау қағидатын енгіздік.
Иә, еліміздегі инвестициялық климат қолайлы. Қаржы құйып, пайда табам дегендерге барлық жағдай бар. Салықтық жеңілдіктер жасалады, заңды түрде қорғалады. Оның үстіне Қазақстан аймақтағы ірі капитал нарығын құрған мемлекет. Сол үшін президент инвесторларды құнды қағаздар нарығын дамытуға көңіл бөлу керек деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұлттық банк негізгі қаржылық реттеуші ретінде қор нарықтарын одан әрі дамыту жолында белсенді жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда бұл саланың құқықтық және инфрақұрылымдық бағыты жетілдірілген. Елімізде екі қор биржасы – Алматыдағы KASE және Астана халықаралық қаржы орталығы табысты қызмет атқарып келеді.
Инвесторлар үшін тағы бір маңызды ақпар. Қазір елімізде жекешелендіру бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр деді Президент. Мемлекеттік мекеме не компанияларды атына аударамын деушілер болса, науқанға қатысып үлгеруі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі уақытта Қазақстан экономикасының мұнай-газ, энергетика, инфрақұрылым және басқа да салаларында 700-ден астам мемлекеттік кәсіпорынды жекешелендіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Біз ірі компаниялардың акцияларының ұлттық қор биржаларында тіркелгенін құп көреміз.
Президент бүгінгі кездесу қазақстандық капитал нарықтарына шетелдік инвестицияларды көптеп тартуға тамаша мүмкіндік беретінін айтты. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, ел экономикасын арттыруға сеп болмақ.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу