Сыр өңірінде келер жылы Қараөзек су қоймасының құрылысы басталмақ. Бұл жоба жүзеге асса, облыстың солтүстік аудандарында су тапшылығы мәселесі шешімін табады. Мұнан бөлек, биыл «Әйтек» су тоспасы жөнделсе, «Қызылорда платинасын» жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Тіршілігі дарияға тәуелді аймақта атқарылып жатқан келелі істерді Әділбек Серікұлы баяндайды.
Әділбек Серікұлы, тілші:Бес бірдей ауданның көлдер жүйесі мен егістігіне су жіберетін «Әйтек» су тоспасы апатты жағдайда болып, бір жылдай тоспалары жабық тұрды. Биыл күрделі жөндеуден өтіп, аймақ үшін маңызы зор гидронысан қайта іске қосылды. Қазір бұл жерден секундына 100 текше метр су төменгі сағаға қарай ағып жатыр.
2019-дың күзінде тоспаның бір жақ бетін су шайып кету қауіпі туындап,нысан апатты деп танылған. Сол себепті соңғы екі жыл Қазалы, Арал секілді шеткі аудандарға тиісті көлемде су жеткізу өте қиынға соқты. Биыл гидронысанды қайта қалпына келтіру үшін мемлекеттен 750 миллион теңге қаржы қаралып, ауқымды жұмыс атқарылды. Төменгі бетон жабындылары жаңартылып, іргесі нығайтылды.
Орынбасар Төлебай, «Әйтек» учаскесі басшысының орынбасары:Бірінші тексеруден бері жұмыс істеп тұр. Қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Қазір автоматизация бар, мынаның бәрі автомазациялануы керек. Бір жерден басқарылады.
Сырдарияның деңгейі жылдан жылға төмендеп, диқандар биыл да судан таршылық көрді. Оның үстіне қуаңшылық жайлап, күрішшілер суды барынша үнемдеп пайдаланды. Мәселені шешудің бірден бір жолы облыс аумағынан су қоймасын салу. Сырбойылықтардың ұсынысы Үкіметтен қолдау тауып, келесі жылы «Қараөзек» жобасының құрылысы басталмақ. Яғни, келешекте бұл су қоймада 775 миллион текше метр су жинауға мүмкіндік туады.
Жорабек Нұрымбетов, «ҚАЗСУШАР» РМК Қызылорда облыстық филиалы басшысының орынбасары:Жоба-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Үш тоспа салу арқылы суды жинақтау. Бұл жинақтағанда, балық, ауыл, мал шаруашылығы егіншілікке су жеткізу.
Сондай-ақ, «Қызылорда» платинасының Шіркейлі каналына құятын тоспасы жаңартылды. Дегенмен, жарты ғасырдан асқан ескі су реттегіш нысанның негізгі бөлігі әлі де күрделі жөндеуді қажет етіп тұр.
Әділбек Серікұлы