Коммуналдық апат салдарынан Павлодар қаласының біраз бөлігі жылусыз әрі сусыз қалды. Жылу құбырында апат кеше болған. Іле жөнделгенімен, бүгін құбыр қайта жарылды. Салдарынан 200-ге тарта жекеменшік үй жылу мен ыстық судан ажыратылды.
Екатерина Байжұманова, «Павлодарэнерго» АҚ бөлім басшысы міндетін атқарушы:
Кеше жөнделген жерге жапсарлас құбырдан бүгін тағы ақау шықты. Соған байланысты тұрғындарға жылу және ыстық су беруді тоқтаттық. Кешкі сағат 5-ке дейін жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз.
Дәл қазір Павлодардың орталығындағы көпқабатты ондаған үйлер ауыз сусыз қалды. Оған диаметрі 500 мм құбырдың жарылуы себеп болған. «Павлодар-су арнасы» серіктестігінің апаттық бригадасы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.