Екі күннен бері Түркияның батыс бөлігінде соғып жатқан сұрапыл дауылдан 4 адам көз жұмып, 46 адам жараланған. Бірнеше ірі қалада әуе және кеме қатынасы тоқтатылды. Қатты жаңбырдан бірнеше елдімекенді су басқан. Тікелей байланысқа шығып тұрған Айдос Әшімұлы соңғы ақпараттарды айтады.
Айдос Әшімұлы тілші:Кешеден бері соғып жатқан Лодос дауылының екпіні басылып келеді. Дегенмен әлі де жел бар. Бүгін түстен кейін күшейген дауыл тағы бірқатар ғимараттарға зақым келтірді. Жарақат алғандар саны 46-ға жетті. Ыстамбұл төтенше жағдайлар және құтқару қызметінің мәліметтеріне сай айлақта тұрған төрт жүк кемесіне қатты дауылдан зақым келіп, суға батып кеткен. Алайда жараланғандар мен қаза тапқандар жоқ. Бұдан бөлек 36 автокөлік зақымданып, 800-ден астам ағаш құлап қалған. Қаланың төтенше жағдайлар қызметі дауылдың екпіні жергілікті уақытпен кеші сағат алтыдан соң, яғни шамамен бір сағаттан кейін басылатынын, дегенмен әлі де сақ болу қажеттігін ескертті.
Гөкхан Йылмаз, Ыстамбұл губерниясы төтенше жағдайлар қызметінің басшысы:112 құтқару қызметіне барлығы 4 мыңға жуық қоңырау түсті. Құтқарушылар 24 сағат жұмыс істеп жатыр. Тұрғындарды көшеге бейсауат шықпауға шақырамыз. Биік ғимараттардың жанынан өткенде абай болды және теңіз жағалауына бармауларыңызды сұраймыз. Көмір жағатын және газбен жылытылатын жер үйлердің тұрғындарына иіс тимеуі үшін мұржаларыңыздың құламауын қадағалаңыз деп ескертеміз.
Айдос Әшімұлы тілші:Қазір қаланың коммуналдық қызметтері дауылдың салдарынан ұшқан шатырлар мен қираған ағаштарды жинап жатыр. Сұрапыл дауылға байланысты бүгін Ыстамбұл мен тағы 9 қалада мектептерде сабақ тоқтатылып, мемлекеттік қызметте істейтін мүгедектігі бар және аяғы ауыр әйелдердің бір күн жұмысқа шықпауына рұқсат берілді. Ал қаза тапқандар мен жараланғандар қатарында қазақстандықтар жоқ.
Айдос Әшімұлы