Швейцария мен Қазақстан арасында тікелей әуе рейсі ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Швейцария мен Қазақстан арасында тікелей әуе рейсі ашылады

29.11.2021

Швейцария мен Қазақстан арасында тікелей әуе рейсі ашылады. Женевада қол жеткен тағы бір келісім осы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық дөңгелек үстел отырысына қатысты. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін бұл жиынның маңызы зор. Оның үстіне Швейцария Конфедерациясы Қазақстанның негізгі стратегиялық және инвестициялық серіктестерінің бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Соңғы 15 жылда ел экономикасына салынған Швейцария капиталы 26 миллиард франкке жетті. Ал Швейцарияға құйылған қазақстандық инвестицияның көлемі 775,2 миллион франк. 200-ден астам швейцариялық кәсіпорын Қазақстанға инвестиция салып, табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында жаһандық деңгейдегі ірі компаниялар бар. Бұл біз үшін, яғни Қазақстанға және біздің инвестиция тарту тәсілімізге деген үлкен сенімнің белгісі. Бұл бағытта қажырлы еңбек етіп келеміз. Биылғы маусым айында біздің нарықта жұмыс істейтін швейцариялық компаниялармен арнайы кездесу өткіздім. Сіздермен тұрақты әрі берік ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз.

16 құжатқа қол қойылды

Қазақстан - Орталық Азия бойынша экономикасы жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде 370 миллиард доллардан астам тікелей шетел инвестициясы тартылды. Әлемнің 180 елімен сауда-саттық жасалады. Инвестициялық дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша 16 құжатқа қол қойылды. Құны - 301 млн долларға тең. Келісімдердің дені ауылшаруашылық, денсаулық сақтау, сервис, туризм, инфрақұрылым және көлік салалары бойынша жасалды.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу