Тәуелсіздік алғалы машина жасау саласы қарқынды дамыды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік алғалы машина жасау саласы қарқынды дамыды

29.11.2021

Елдегі машина жасау саласы қажетті бөлшектердің кей түрін өзімізде өндіре бастады. Осылайша кәсіпорындар шетелдік шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылуды көздейді. Жалпы, егемендік алғалы салаға ерекше серпін берілді. Даму қарқыны ілгері. Әсіресе соңғы жиырма жылда өндіріс көлемі 24 пайызға артқан. Биыл он айдың өзінде 123 пайыз өсім бар дейді машина жасаушылар одағының өкілдері. Келешекте экспорт көлемін ұлғайту мақсаты тұр.

Тепловоз шығаратын мына кәсіпорын ел аумағындағы темір жол саласын түгел қамтиды. Айына 100 локоматив шығаруға қауқарлы зауыт тіпті өнімдерді 6 елге экспорттап отыр.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Мына тепловозға қажетті 11 мыңға жуық бөлшек дәл осы кәсіпорында шығарылады. Яғни бұл дегеніміз локомотивке қажетті құралдардың 70 пайызы өзімізде өндіріледі.

Негізгі басымдық та осы. Бөлшектерді сырттан тасымалдамай, өзімізде өндіру көзделген. Осылайша жылдан-жылға технологияны жаңғыртып, отандық өнім көлемін көбейту міндеті тұр.

Марат Тілеубаев, зауыт президенті:

Тәуелсіздік алған кезде біз бұларды басқа елдерден сатып алып жатқанбыз. Оны қалай жасайтынын білмейтінбіз. Мына зауыт салынғалы, өздеріңіз көріп отырсыздар, 700 дей адам жұмыс істейді. Басқа мемлекеттерге жалтаңдамай өзіміз де өндіретін болдық.

Елімізде дәл осындай 37 тауар шығаратын 3000нан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Алғашында теміржолға қажетті бөлшектерді өндіріп бастаған саланың қазір ауқымы кең. Тауарлар түрленген. Мәселен, биылдың өзінде темір жол 82%, ауыл шаруашылығы көліктері 80%, электротехникалық өнімдер 54%-ға, автомобиль жасау 33%, тау-кен саласы 10%, мұнай-газ саласына қажетті құрал-жабдықтар өндіру 5%ға артты. Индустрияландыру бағытының үздіксіз дамуына үлес қосып келе жатқан Машина жасаушылар одағы жаңа салалардың қатары көбейгенін айтады.

Өмірсерік Ержанов, Қазақстан машина жасаушылар одағының атқарушы директоры:

123 пайызды құрады. Жалпы, индустриялаудың 10 жылында машина жасауда 400 млрд теңгенің 135 жобасы жүзеге асырылды. Жаңа салалар ашылды: мұнай-газ, теміржол, жүк және жеңіл көлік құрастыру өнеркәсібі.

Машина жасау саласына қолдау көрсетіп, ілгері дамуына ықпал еткен Машина жасаушылар одағы қосалқы бөлшектерден бөлек, дайын өнімдерді шығаруға басымдық берілгенін айтады. Олар электровоз, жолаушы және жүк вагондары, автобус, аккумулятор, трактор, комбайн, кабель өнімдері, жарықдиодты шамдар, сорғы жабдықтары және лифтілер. Кәсіпорындар ішкі нарықты бағындырып қана қоймай, 25 тауар түрін шетелге экспорттайды.

Соңғы 15 жылда бұл көрсеткіш 4,4 есеге өскен. Ал алдағы бес жылда сыртқы нарықтың сұранысын толық қамтамасыз ету жоспары тұр. Яғни, 2019-2024 жылдарға арналған машина жасауды дамытудың жол картасына сәйкес, экспорт көлемі 2 есе, еңбек өнімділігі мен негізгі капиталға салынған инвестиция 1,6 есе өсуі тиіс.

Раушан Сайлауқызы



Хабарламаларға жазылу