Ауғанстанның ұлттық ақшасы афгани жыл басынан бері ең төменгі деңгейге дейін құлдырап, елдің қаржылық жағдайын тіпті нашарлатып жіберді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, доллардың қымбаттауы азық-түлік бағасын шарықтатып, ең қажетті тауарлардың өзін алуды қиындатып отыр.
Ауғанстандағы экономикалық ахуал тамыздың ортасында билікке «Талибан» қозғалысы келіп, АҚШ елдің орталық банкінің шетелдегі 9 миллиард доллар резервін бұғаттағаннан кейін күшейді. Сонымен қатар, Әлемдік банк пен Халықаралық валюта қоры да Кабулге қаржылай көмек беруді доғарып отыр.
Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен өзге де үкіметтік емес ұйымдар аштыққа жол бермеу үшін қыркүйектен қарашаның ортасына дейін 7 жарым миллион ауғандыққа гуманитарлық жәрдем берген.