Бүгін Түркістан қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайы басталды. Ауқымды шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, сондай-ақ Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Парламент депутаттары қатысуда.
Айнұр Ақбаева, тілші:
Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында өтіп жатқан құрылтай еліміздің барлық өңірінен келген қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің, облыстар мен қала басшылары бастаған делегаттардың басын қосты. Осы қазір ғана көпшілік алдында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев баяндама жасады. Келелі жиында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жаңа Президенті сайланып, ұйымның жаңа Жарғысы қабылданады. Орталық тексеру алқасының есебі тыңдалып, Орталық кеңесінің жаңа құрамы таныстырылмақ. Бұдан өзге Қоғамның жаңа бағдарламасы мен құрылтай қаулысы қабылданады деп күтілуде. Ұйым жұмысына өз үлестерін қосып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттау да қарастырылып отыр.