Сән-салтанатқа салық салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сән-салтанатқа салық салынады

25.11.2021

Сән-салтанатқа салық салынады. Бұл әсіресе қымбат дүние-мүлкі бар адамдарға қатысты. Сенаторлар елде мұндай міндетті төлемнің әділетті жүйесі қалыптасады деп санайды. Бастама парламентте екінші мәрте көтеріліп отыр. Мұнан бөлек сенатта салық органына келер жылдан кәсіпкерлердің кірісін жіті тексеруді көздейтін заң мақұлданды.

Күн сайын бірнеше адамнан ақша аударылса есепшот иесі күдікке ілінеді. Табысын жасырғандар осылай анықталмақ. Бұл әдіс тек кәсіпкерлерге қолданылады. Ал, жұртшылық секем алмауы керек. Салықтан жалтарғандардың жолын кесу үшін келер жылдан бастап «мобильді төлем» ұғымы енгізіледі. Ондай бизнесмендерді әшкерелеуге банк пен басқа да құзырлы органдар құлықты болмақ. Ал, өзара мобильді аударымдарға қатысты дау жоқ.

Марат Сұлтанғазиев, ҚР Қаржы министрінің орынбасары: 
Сол төлемдер енді салық органдары үшін банктерден бізге ақпарат түсіп тұрады. Ал, мобильді аударым ол жеке тұлғалар бір-бірінің арасындағы төлемдері бойынша бізге ақпарат келмейді.

Табыс салығына 3 жылға мораторий жарияланғаны белгілі. Тыйым 2022 жылы аяқталады. Ал, заңдағы жаңа норманың салық құнына қатысы жоқ, яғни өзгеріссіз қалды. Мұндағы мақсат –ақша айналымын таза көрсету.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: 
Заңда бизнес пен азаматтардың құқын қорғайтын және салықтық әкімшілендіруді одан әрі жақсартатын нормалар да бар.

Салық сән-салтанатқа да салынуы керек. Себебі, қоғамда мүліктік жіктелу белең алды. Бұл бастама сенатта осымен екінші мәрте көтеріліп отыр.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
Халықаралық тәжірибеде бар, көптеген елдерде сән-салтанатқа арнайы салық енгізу өте өзекті деп есептеймін. Бұл жерде қымбат элиталы жылжымайтын мүліктер, ұшақтар, яхталар, қымбат автокөліктер, зергерлік бұйымдар сияқты сән салтанатқа салық салудың әділетті жүйесін қалыптастырады деп ойлаймын.

Салықтың бұл түріне қатысты бұрынғы ұлттық экономика министрі де айтқан. Алайда, сөз жүзінде қалыпты.

Нысаналы Ығыл, тілші: 
Бұл жолы да сала вице-министрлері ештеңе ашып айтпады. Тек анық болғаны бизнес қауымдастықпен ақылдасу керек екен. Сонда да қоймай сұрағанымызда акциз де сән-салтанат салығы саналатынын айтты. Яғни, ішімдік пен темекіні де, жанар-жағармайды да соған жатқызып отыр. Сосын мүлік қымбат болған сайын, салық та өсе береді. Түрі көп, бірақ әзірге түпкілікті шешім жоқ. Сән-салтанат салығын келер жылы пысықтап ұсынбақ.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу