Ұлыбританияда дағдарыстың кесірінен 20-дан астам компания банкрот болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда дағдарыстың кесірінен 20-дан астам компания банкрот болды

24.11.2021

Ұлыбритания энергетикалық дағдарысқа тап болды. Соңғы үш айда миллиондаған тұтынушыға қызмет көрсететін 20-дан астам энергетикалық компания өздерін банкрот деп жариялады. Олардың қатары әлі де артатын сыңайлы. 

Марина Бекенова, тілші:

Көгілдір отынның көтерме бағасы шарықтап, сан құбылып тұр. Еуропаға сырттан тасымалданатын газ көлемінің кемуі және оған деген сұраныстың артуы бағаның өсуіне әкелді дейді мамандар. Мәселен, нарыққа шыдас бере алмаған тағы бір алпауыт компания күні кеше өздерін банкротпыз деп жариялады. Миллиондаған тұтынушының газ бен жарықтан тарықпауы үшін компанияға мемлекет қаржылай қолдау көрсетпек.

Кваси Квартенг, Ұлыбританияның бизнес және энергетика министрі:

Бұл өте қиын жағдай. Қыстан аман шықсақ деп үміттенеміз. Күнкөріс деңгейі төмен адамдарға қолдау көрсетудің амалын жасаймыз. Өйткені көгілдір отын мен жарықтың бағасы қымбаттап, тұрмысы төмен отбасылардың қалтасы көтермеуі мүмкін.

Алғашқыда көгілдір отынды Ресейден Еуропаға «Солтүстік ағын-2» құбыры арқылы жеткізу жоспарланған болатын. Бірақ ол әзірге тоқтап тұр. Құрылысы аяқталғанымен, Германия сертификаттауға асығар емес. Ал сарапшылардың пікірінше, биылғы қыста энергетикалық дағдарыстан келетін шығын көлемі 2 миллиард стерлинг фунтқа дейін жетуі мүмкін.


Хабарламаларға жазылу