Елордада «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесі ашылды

23.11.2021

Елордада «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты көрме ашылды. Елбасы кітапханасының музейіне тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қабылданған маңызды құжаттар мен құнды жәдігерлер әкелінді. Сондай-ақ мегаполистің Тәуелсіздіктің отыз жылында жеткен жетістіктеріне арналған экспозициялар қойылған. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай құрылған көрме, екі айға дейін келушілерге қызмет көрсетеді.

Азаттықтың ақ таңына алғаш куә болған – Алматы қаласына арналған көрме үш бөлімнен тұрады. Бірінші кезеңде 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы мен 1991-1997 жылдар хроникасы, сондай-ақ, Алматы қаласында қабылданған маңызды тарихи шешімдер туралы материалдар кешені ұсынылған.

Ақберен Елгезек, ақын: 
Жалпы мемлекеттің барлық институттары құрылған үлкен тарихи қала деп есептейміз, бұл қазақтың санасында, ұлы тарихында мәңгі қалатын шаһар. Сондықтан Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығында, Нұр-Сұлтан қаласының төрінде, Елбасы мұражайында осындай көрме өту заңды дүние деп есептейміз.

Көрмеге келушілер Алматының әлемдік мәдениет пен өркениетке қосқан үлесі және 1991-2021 жылдар аралығында болған 30 маңызды оқиғамен танысты. Сондай-ақ оңтүстік астананың ұзақ мерзімді дамуының басты бағдарлары мен стратегиялық басымдықтары бейнеленген.

Күлайша Ақтаева, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы: 
Біздің көрмеміздің төрінде Елбасының Алматы қаласының құрметті азаматы деген белгісі тұр. Ондай атаулар әрине біздің тарихи санамызда сондай арнайы еске алатындай орын бар. Ал, күмбезді залдың ортасында біздің нышанымызға айналған көп материалдарымыз көрсетіліп отыр. Және Алматы қаласы туралы баяндайтын көп цифрлы материалдар орналасқан.

Шара Елбасы кітапханасының «Қазақстан жолы» жобасы аясында ұйымдастырылған. Онда 30 жыл ішінде ел өңірлері мен қалаларының дамуы кең көлемде көрсетіледі. Енді тәуелсіздіктің тарихынан сыр шертетін құжат, сурет, жәдігерлер екі ай бойы көрмеде тұрады. Құнды деректерге қызыққан кез келген азамат көрмені тегін тамашалай алады.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу