Түркістан облысында ең қымбат көмір Шардарада. Облыс орталығынан шалғай орналасқан ауданда қатты отынның тоннасы 29- 30 мың теңгеге дейін жеткен. Өзекті мәселе қалай шешілмек? Өңірдегі әріптесім Айнұр Ақбаева анықтады.
Шардара ауданында көмірдің тоннасы бірден 4-5 мыңға қымбаттап кетті. Қазір 29-30 мың теңге. Ал, ауылға жеткізу үшін тағы төлеу керек. Бір отбасына қыста шамамен 4-5 тонна көмір қажет. Қатты отынның қымбаттығын сатушылар да жоққа шығармайды.
Жеңіс Ақаев, көмір сатушы:Тиегіш 15 мың теңгеден алады. Жақсылап арттыру үшін тағы 10-15 мың бересің. Сонда біздің есебімізбен 25-26 мыңға келеді. Оны тексеріп жатқан бір адам жоқ.
Өзекті проблеманы жергілікті билік тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету арқылы шешпек. Қазір Шардара қаласы мен елдімекендерге кезе- кезеңімен газ берілуде. Ал Көксу ауылы мен Шардараның үш мөлтекауданы көгілдір отынға қосылған.
Әнипа Қалыбайқызы, Шардара қаласының тұрғыны:Тоннасын 25-26 мыңнан алып жүрсек, биылғы жылы 29-30 мың теңгеден болып кетті. Міне енді үйімізге газ кіріп, түсімізде көрмеген жағдайды көріп отырмыз. Үйдің бәрі жылы.
Аудан бойынша 25 елдімекеннің сегізіне көгілдір отын берілген. Қалған 16 елдімекенге келер жылы жеткізіледі.
Мұхтархан Өтенов, Шардара аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:Бүгінгі таңда 9 мөлтекауданда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нысан 2022 жылы аяқталғанда толықтай газбен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қоса тағы 3 мөлтекауданымызда жолбалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Ал, қаламен іргелес Тұрысбеков ауылдық округі мен Шардара ауылына «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында ішкі газ желілері тартылды. Келер жылы 5 мыңға жуық тұрғын табиғи газдың игілігін көрмек.
Айнұр Ақбаева