Ауғанстанда «Талибан» қозғалысының билікке келгеніне дүйсенбі күні тура 100 күн толды. Радикалдық ұйым Кабулге тамыздың 15-де еніп, Ислам әмірлігін жариялады. Қазір тәліптер бүкіл елді бақылап отыр.
Олар басшылыққа келгелі, 40 жыл соғысып, ондаған мың адам қаза тапқан Ауғанстанда қауіпсіздік жағдайы біршама жақсарды. Бірақ, соңғы 20 жылда жүздеген миллиард доллар жұмсалса да, ел экономикасы күйреп жатыр.
«Талибан» Кабулды соғыссыз алғаннан кейін президент Ашраф Ғани шетелге қашты. Ал, АҚШ пен НАТО-ның мыңдаған жауынгерімен бірге ондаған мың ауғандық өзге елдерге бас сауғалады. Оларды эвакуациялау кезінде «Даиш» террористік тобы жарған бомбалардан жүзден астам адам мерт болды. Кейін ірі лаңкестік шабуылдар шииттердің мешіттері мен өзге жерлерде жалғасып, талай тұрғын жан тәсілім етті.
Тағы бір айта кететін жайт, тәліптер 90-шы жылдардағы қатаң заңдарды қолданбауға уәде беріп келеді. Бірақ, соған қарамастан, елде жасөспірім қыздардың оқуына, әйелдердің жұмыс істеуіне тыйым салынып отыр.