Алексей Цой вирустардың аса қауіпті штамын сақтайтын зертхана салудың маңыздылығын түсіндірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алексей Цой вирустардың аса қауіпті штамын сақтайтын зертхана салудың маңыздылығын түсіндірді

23.11.2021

Коронавирусқа қарсы ақылы түрде салынатын вакцина қымбат болмауы керек. Екпені елге жеткізуге бюджеттен қаржы бөлінбейді. Онымен коммерциялық ұйымдар айналысады. Денсаулық сақтау министрі осылай деді. Алексей Цой Үкімет отырысында Қазақстанның «жасыл» аймаққа енгенін жеткізді. Соңғы айда аурудың өсімі 2,4 есе азайған. Яғни 1800-ден 800 жағдайға дейін төмендеген. Инфекциялық және реанимациялық төсек орындары 30 пайызға толы. Елге 645 мың Pfizer вакцинасы жеткізілді. Жалпы, 4 млн дозаға тапсырыс берілген. Шетелдік вакцинаны 26 мың 400-ге жуық жасөспірім мен 8 мың 700-дей жүкті және емізулі аналар салдырды.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы мынадай. Егер келер жылдың бірінші жартыжылдығына дейін халықтың 70 пайызы вакциналанса, онда эпид жағдай жақсарады. Қазір бүкіл ел осы межені орындауға ниетті. Өйткені барыс-келіс тоқтаған жоқ қой. Сондықтан ұжымдық имунитет әлем бойынша қалыптасуы керек.

Вирустардың аса қауіпті штамын сақтайтын зертхана салу зерттеліп жатыр

Сондай-ақ министр вирустардың аса қауіпті штамын сақтайтын зертхана салудың маңыздылығын түсіндірді. Жамбыл облысы Қордай ауданында жерасты қоймасы бар биологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары ғылыми зертхана салу жоспарланған. Алексей Цой қарапайым зертханада қауіпті штамдармен күресу мүмкін еместігін айтты. Жұқпалы болғандықтан онда жұмыс істейтін адамдарға тиісті жағдай жасалуы керек. Қорғаныс костюмдері мен ауаның өңделуі маңызды. Бірақ бұл мәселе әлі зерттеледі деді. Қазір елде BSL-3 зертханасы бар. Соның негізінде QazVac вакцинасы дайындалды.


Хабарламаларға жазылу