92 жасқа қараған шағында дәрігер, академик Сайым Балуанұлы Балмұханов дүниеден озды. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор, медицина ғылымдарының докторы ғасырға таяу ғұмырын өнегелі өткізді.
Отандық онкологияның негізін қалап, ұлт медицинасын алға сүйреді. Талантын әлем мойындаған ғалым қоғам қайраткері ретінде де ұлт мақтанышы бола білді. Бүгін Алматыдағы Ғалымдар үйінде Алаш жұрты халқын қадір, кәсібін кие тұтқан асыл азаматын ақтық сапарға аттандырды.
«Елім», «жұртым» деп өткен ерін елі қияр емес. Асыл аға, қамқор азаматпен ғалымның әріптестері, шәкірттері, қызметтестері қош айтысуға көптеп келді. Ғасырға жуық ғұмырын ұлт саулығына арнаған академик туралы тебірене еске алды.
Қалдыбек Мұхамеджанов, Алматы Мемлекеттік дәрігер білімін жетілдіру институтының кафедра меңгерушісі:
Бұл кісінің еліне сіңірген еңбегі ерен. Қазақстанада рентгенологтарды дайындауға көп үлес қосты. Біз ол кісіні ұмытпаймыз.
Сайым Балуанұлы - елдегі радиобиология мен рентгенрадиология ғылымының негізін қалаушы. Оның басшылығымен Қазақстанда алғаш онкологиялық науқастарды сәулемен емдеу клиникалық базасы құрылды.
1962 жылдан радиология мен онкология ғылымдарымен айналысып, ұзақ жыл ұлт медицинасының өркендеуіне еңбек етті. 500-ге жуық ғылыми еңбек жазып, ғалымның ғаламат әдістері медицинасы дамыған мемлекеттердің онкологиялық орталықтарына енгізіліп, қолданылуда.
Жеткерген Арзықұлов, Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығының бас директоры:
100-астам радиологтарды дайындады. Кеңес заманы кезінде Мәскеу ғалымдарынан кейін осы кісінің еңбектері арқылы осы сала дамыды.
Дәрігерлікті ғылыммен ұштастыра білген Сайым Балмұханов қоғам тынысын да қалт жібермейтін. Бүкіләлемдік «Дәрігерлер ядролық соғыстың тоқтатылуын қолдайды» қозғалысының Қазақстандағы президенті, «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының мүшесі болған оның ядролық сынақ алаңына айналған Семей өңірі, тұрғындар тағдыры жанын жай таптырмайтын.
Сынақ құрбандарын ұзақ жыл зерттеп, осы ерен еңбегі үшін Такаси Нагаи атындағы халықаралық сыйлықпен марапатталды.
Кәмила Мағзиева, Қазақстан ғылымын зертеуді қолдау жөніндегі тәуелсіз сараптама-кеңесінің директоры, шәкірті:
Ядролық сынақтан зардап шеккен Семей өңірінің халқы туралы көп айтты. Ол туралы бүкіл Еуропаға жариялады.
Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін Сайым Балмұханов өмірде адалдық пен әділдікті ту етіп өтті. Халқына қалтқысыз қызмет еткен жайсаң жанның өмірі өнеге, ісі шежіре болып қала бермек. Елім деген ерді елі де ұмытпайды.
Жазира ИСАЕВА