Түркияда түркі дүниесін біріктірген концерт өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда түркі дүниесін біріктірген концерт өтті

22.11.2021

2022 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып таңдалған Түркияның Бурса қаласына түркітілдес елдердің өнерпаздары жиналды. Юнус Емре мен Низамиға арналған турға барлығы 200-ге жуық өнерпаз қатысты. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының мұрындық болуымен өткен шарадан тілшіміз Айдос Әшімұлы жалғастырады.

Бұл концерттің ерекшелігі сол, кеште орындалған Юнус Еміре мен Низами шығармаларына музыканы бүгінгі күннің композиторлары жазған. Және ол туындыларды тек симфониялық оркестр емес, ұлттық аспаптардың да сүйемелдеуі кештің әрін аша түсті.

Ақерке Тәжібаева, қылқобызшы:

Осындай үлкен концертке түркі әлемінен өнер майталмандары, орындаушылар және әншілер қатысып отыр. Мен осындай ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы өткізіп жатқан осындай үлкен кешке Қазақстан атынан қатысып жатқаныма қуаныштымын.

Қазір әлемде ең жиі талқыланатын тақырыптың бірі - түркі елдерінің бірлігі. Бауырлас халықтарды жақындастыратын саясат қана емес, осындай мәдени кештер екені де сөзсіз.

Рашад Мамадов, Әзербайжанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі:

Бүгінгі концерт бізді мыңдаған жыл бұрынғы кезеңдерге апарғандай болды. 2022 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы болатын Бурса қаласында ұйымдастырылған осы кеш біздің достығымыз бен бауырластығымызды арттыруға қосылған үлкен үлес болды.

Ұлттық бояу қосылған классикалық музыка кешінен көрермендер ерекше сезіммен шықты. Әсіресе күллі өнерпаздар қосыла шырқаған Юнус Еміренің Сары гүлдер шығармасы халықтың рухын көтерді.

Бір ақ сөзбен айтқанда керемет! Әншілердің дауыстары ғана емес, киген киімдерінің өзі қандай әдемі. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты.
Алыстағы бауырларымыздың өнеріне тәнті болдым. Түркітілдес елдердің бірлігі бекем болсын. Осындай концерттер жиі болса дейміз.

Тұтас түркі әлеміне ортақ тұлғалардың шығармаларына жаңаша сипат берген концерт Бурсадан бөлек Эдирне, Текирдағ, Анталия сияқты қалаларда да ұйымдастырылды.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу