Мемлекет басшысының Алматыға барған жұмыс сапарына шолу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысының Алматыға барған жұмыс сапарына шолу

21.11.2021

Президент Алматыға жұмыс сапары аясында АЭС салу туралы айтты. Сөзбе-сөз келтірсек: Түптің түбінде біз сондай шешім қабылдаймыз деп ойлаймын. Қазақстанда электр энергиясы тапшылығының алғашқы белгілері сезіліп отыр. Иә, жаппай тапшылық жоқ. Алайда белгілері көрінді. Сондықтан болашаққа қарасақ, атом станциясын салу жайлы көпке жақпайтын шешімді қабылдауға тура келеді. Лидердің рөлі көпшілік ұнатпайтын шешімдер қабылдаудан да тұрады.

Президент өзі оқыған мектепке де барған. Жалпы Алматыға жұмыс сапары жайлы Досжан Маратұлының репортажы.

Экономиканы шатқаяқтатқан коронавирус жұрттың төлем қабілетін де нашарлатын жіберген. Пандемия басталғалы қарыз алушылар көбейіп отыр. Биылдың өзінде тұтынушылық несие көлемі бірден 32 пайызға артқан. Ал 550 мыңға жуық адам банк алдындағы берешегін төлеу мерзімін 90 күннен кешіктіріп жіберген. Мұның арты жақсылыққа әкелмейді деді Президент. Халықтың қарызға белшеден батуына жол бермеу үшін, банктер оңды солды несие беруді доғаруы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мәселе еліміздің қаржы тұрақтылығына төнген тәуекел-қатерде ғана емес. Бұл көптеген азаматтарымыздың қаржы тапшылығымен бетпе-бет келгенін білдіреді. Бұл әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін. Әрине, кейбір адамдардың қаржылық сауаттылығы қажетті деңгейде емес. Соның кесірінен табысын дұрыс жұмсай алмай жатады. Айналып келгенде мәселені мемлекет пен банктердің бірлесіп шешуіне тура келеді.

Оның үстіне көп пайызбен несие беретін шағын қаржы ұйымдарына жүгінетіндер артып барады. Қазір олардың жұртқа берген берешегі 1 триллион 300 миллиардтан асып кеткен. Яғни жыл басынан бері 28 пайызға өсіп отыр. Мемлекет басшысы мұндай ұйымдардың пайызын азайтуды тапсырды. Өйткені қарызға батқандар кейін оны қайтара алмайды. Ақыр соңында іске коллекторлар кіріседі. Президент олардың халыққа күш көрсетіп, ойына келгенін істеуіне жол бермеу керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Өкінішке орай мұндай жағдайлардың болғанын білеміз. Мен бұл мәселені Ұлттық сенім кеңесінің соңғы отырысында қозғаған едім. Бұл өзекті мәселе. Сондықтан несие мекемелерінің басшыларына ішкі рәсімдерді күшейту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ жекелеген қызметкерлер мен сырттан тартылатын коллекторлардың қызметтерін асыра пайдалануға жол бермеу тетіктерін қарастыруды тапсырамын.

Пандемиядан кейін қайта аяққа тұру үшін бизнес арзан несиеге мұқтаж. Бірақ банктер несиені кәсіпкерлерге емес, жоғары пайызбен қарапайым адамдарға беруге әуес. Бұлай болмауы керек. Қаржы ұйымдары керісінше бизнесті қаржыландыруы тиіс. Өйткені шағын және орта кәсіп экономиканың драйвері. Президент сондай-ақ қиын қыстау кезде иек артатын Ұлттық қорды дамытуымыз керек деді. Әрі қаржы секторын цифрландыру ісіне баса мән беру қажет. Өйткені бұл сала көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  
Мемлекет басшысы ретінде мен үшін бүкіл экономикамызды жаңа инновациялық даму жолына салу – басты міндет. Осы ретте цифрлық валюталарды айналымға енгізу маңызды. Әрі болашақ қаржы жүйесінің негізіне айналуы мүмкін цифрлық теңге енгізу мәселесін қарастырған жөн. Криптовалюта нарығына да бей-жай қарай алмаймыз.

Криптовалюта жайлы айта келе Президент, криптобиржаны жаңа деңгейге көтеру мәселесіне ерекше тоқталды. Өйткені еліміз криптовалюта өндіруден әлем бойынша екінші орында, бірақ оның экономикалық тиімділігі біз қалағандай емес. Қазір түрлі майнингтік фермалар елмізде биткоин өндіреді. Тіпті олар электрэнергиясын көптеп пайдаланатындықтан тапшылық та сезіле бастады. Осы ретте Мемлекет басшысы атом стансасын салу мәселесін тағы қозғады. Айтуынша қоршаған ортаны қорғап, көмірқышқыл бейтараптығына қол жеткіземіз десек, атам стансасын салудан басқа амал жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Әрине, біздің азаматтарымызға жаңа технологиялар жайында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Шет елдердегі, Ресейдегі жаңа технологияларды мысал етуге болады. Кейбірі Чернобыльдегі қайғылы оқиғаны еске алып, стансаның қажеті жоқтығын айтуы мүмкін. Бұл ескірген көзқарас. Қазір бұл сала, әсіресе технологиялар ерекше қарқынмен дамып келеді.

Десе де бұл әзірге сөз жүзіндегі бастама. Атом стансасының қашан қайда салынатыны белгісіз. Оған дейін қаладағы жылу электр стансаларын газға көшіру міндеті тұр. Өйткені экология алматылықтар үшін өте өзекті мәселе. Қала қара түтінге тұншығып тұр. Сол үшін ең үлкен екінші стансаны көгілдір отынға көшіру жобасы әзірленген. Президент қуаты 600 мВт болатын газ қондырғысының құрылысын бастап берді.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  
Ең бастысы, біз экологияны жақсартып, тұрғындарды таза ауамен қамтамасыз етеміз. Мен үшін бұл аса маңызды. Менің тапсырмам бойынша Үкімет қаланың ауасын тазарту үшін қажетті шараларды қабылдайды деп алматылықтарға уәде бердім. Шын мәнінде, бірнеше жыл бойы қала тұрғындары экологияның ластануынан зардап шегіп келді. Біз бұл мәселені түбегейлі шешуіміз керек.

Жаңа газ қондырғысы енді 2023 жылы іске қосылуы тиіс.

Досжан Маратұлы, тілші: 
Алматыдағы осы бір ғана жылу электр стансасы жылына 2-2,5 млн тонна көмір жағады. Соның салдарынан ауаға 50 мың тонна зиянды қалдық тарап жатыр. Егер стансалар толық газға көшірілетін болса, қалдық көлемі 7 мың тоннаға дейін азаюы тиіс.

Ал бұл Президент 10 жыл оқыған Ілияс Есенберлин атындағы 25-ші гимназия. Әбден ескірген білім ордасы қазір су жаңа секілді. Былтырлары осылай қабырғасы ғана қалдырылып, бір жарым миллиард теңгеге күрделі жөндеуден өткен. Жаңа кейіпке енген мектебін мемлекет басшысы аралап көріп, өзі оқыған сыныпқа барды. Қазір бұл француз тілі кабинеті. Кейін 11-сынып оқушылары Мемлекет басшысымен бірге 2050 жылға арналған хатты уақыт капсуласына салып, мектеп қабырғасына қойды.

Мемлекет басшысының уақыт капсуласын қалдыруы бекер емес. Бұл Президенттің өзі осы мектепте оқыған кезде қалыптасқан дәстүр. 1970 жылы сол кездегі комсомол Қасым-Жомарт Тоқаев сыныптастарымен бірге 2017-нің түлектеріне осындай жолдау қалдырған. Бірақ 2004-те жөндеу жүріп, табылған капсула ашылды. Қазір сол кубок пен хаттар мектеп ішіндегі мұражайда сақтаулы. Мемлекет басшысы соны оқып, оқушы кезін есіне алды.

Алматы кретивті жастардың қаласы. Қыз-жігіттерді қолдап, жайлы мәдени- ағартушылық орталық ретінде «Алатау кератив хабы» ашылған. Мұнда ұл-қыздарға арналған 25 тегін үйірме және IT зертхана бар. Бұл жастар уақытын тиімді өткізіп, білімін жетілдіру үшін таптырмас жер. Енді мұндай хабтарды ел бойынша көбейту керек.


Хабарламаларға жазылу