Ермұхаммед Мәулен: Футболшылар салық төлеушілердің қаржысына футбол ойнап, қыдырып, жеңіліп жүр дeу - дұрыс емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ермұхаммед Мәулен: Футболшылар салық төлеушілердің қаржысына футбол ойнап, қыдырып, жеңіліп жүр дeу - дұрыс емес

21.11.2021

«Гол салмайтын, тек қазынаға қол салатын футбол». Еліміздегі футбол клубтарын мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату керек. Қазақстан құрамасының Франциядан 0:8 есебімен жеңілгенінен кейін Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның айтқаны. Одан кейін футбол федерациясының бас хатшысы бюджеттен тек 200 миллион теңге ғана алатындарын мәлімдеген. Алайда депутат облыстық әкімдіктер кәсіпқой клубтартарды ұстауға қыруар қаржы бөлетінін айтты.

Халықтың ақшасын балалар футболын дамытуға, бапкерлер дайындауға, тегін футбол алаңдарын салуға жұмсауды ұсынды.

Бұл қоғам көптен көтеріп жүрген мәселе. Біз де кезекті рет талдаймыз. Амангелді Сейітханның сараптамасы.

Роналду мен Месси сияқты жұлдыз болғысы келетін қазақ баласы көп. Ал, олардың осы арманы орындалуы үшін қаншалықты мүмкіндік жасалған?

Серік Мәмбетов, «Ауылfootball» жобасының жетекшісі:
Жасалған деп айту қиын. Өйткені, мысалыға біздің ауылымызда. Мына жерде бірнеше ауыл бар ғой. Абай бар, Райымбек, Жаңатұрмыс, Қырғауылды деген. Сол 4-5 ауылдың мектептерінде жалпы ауылда жалғыз бір-ақ алаң бар.

 Бұл Алматы облысының бір ауданындағы жағдай. Ал, елімізде доп тебуге алаң таппай жүрген қанша бала бар. Серік Мәмбетов 2 жыл бұрын «Ауыл футбол» жобасын бастаған. Демеушілерден ақша жинап, ауылдарға алаң салғызып жүр. Шағын футбол мектебін ашып, 60 баланы жаттықтыруда.

Серік Мәмбетов, «Ауылfootball» жобасының жетекшісі:
 Біз демеушілер арқылы жұмыс істеп жатырмыз. Ата-аналардан да алмаймыз. Мыналар тегін ойнайды. Былтырдан бері бірнеше спонсор тартып мысалы, солардың есебінен 2 алаң салдық. Алаң мәселесі күрделі енді. Мысалы қазіргі бағамен санасақ мынандай алаң 10 млн теңге тұрады.  Ондай ақша қазір қиын табу. Оны әкімдер жасауы керек.

Мұны былтыр мемлекет басшысы да айтқан. Президент: «Кәсіби клубтарға мемлекеттік қолдауды азайтып, қаржыны балаларға бағыттау керек» деген. Содан бері қандай жұмыс жасалғанын білмекке мәдениет және спорт министрлігіне хат жібердік. Бірақ жауап бермеді. Ал, ұлттық құрама Франциядан 8:0-мен ұтылған соң жанкүйерлердің қалай ашуланып отырғанын депутат жеткізді.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
 Футболға халықтың қыруар қаржысын Франциядағыдай әлемге масқара болу үшін құйып отырмыз ба? Миллиардтарды далаға шашамыз, бірақ гол жоқ! Ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ.

Қоғамның бұл сынына Қазақстан футбол федерациясының өкілдері былай жауап берді.

Ермұхаммед Мәулен, ҚФФ қоғаммен байланыс департаментінің директоры:
Қазақстанның салық төлеушілерінің қаржысына барып, қыдырып, демалып, футбол ойнап, сөйтіп жеңіліп жүр дейді. Ол мүлде рас нәрсе емес. Қазір әлеуметтік желіде 105 млрд теңге ақша бөлініп жатыр футболға дейді. Ол қандай ақша? Ондай ақша жоқ ҚФФ-да. Үкіметтен, мемлекеттен ақша, қаржы бөлінбейді. Оны бірден айтуымыз керек. Сондықтан, біздің салығымыздың қаржысын жаратып, шет елге жарыстарға барып жатыр деп айту әбестік.

Федерацияның бас хатшысы Азамат Айтқожин: «Біз бюджеттен биыл 200 миллион теңге ғана алдық. Ал, келер жылы мемлекеттік қаржыдан мүлде бас тартамыз»-деді. Бірақ...

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Федерация «бюджеттен көп қаржы алмаймыз» дейді. Бірақ миллиардтарды осы федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы алуда. Соңғы үш жылдағы облыстық әкімдіктердің кәсіби клубтарға бөлген қаржысының өзі аз емес. 111,2 млрд.  Тек «Астана» клубының өзіне 15 млрд бөлінгені жарыса жазылуда. Бірақ нәтиже қайда?!

Нәтиже көңіл көншітпейді. Әлемдік рейтингте 1 клубымыз да 100-дікте жоқ. 200-діктің соңында «Астана» футбол клубы жүр. Бірақ, мақтаулы команданың экс-басшысы ақша жымқырды деген күдікке ілінді. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі: «Футболшылардың (легионерлердің) агенттеріне сыйақы төлеу арқылы ақша алу дерегі тексеріледі. Өзге мәлімет тергеу мүддесіне орай жарияланбайды»,˗деп хабарлады. Ал, сарапшылардың ойынша бізде футболшылардың жалақысы ашық жазылуы керек.

 Бек Төлеу, футбол сарапшысы:
Коммерциялық құпия дегенді мен түсінбеймін. Мысалы, демеушісі бар клубтың коммерциялық құпия болса ол түсінікті. Ал, жергілікті әкімдіктерден бөлініп жатқан ақшаның қадағалануы керек деп ойлаймын. Мысалы, Марин Томасовтың жалақысы бір 70 мың доллар деп алайық. Ол бірақ 70 мың долларды алмауы мүмкін. Басшылықпен келісе береді. Егер оның 70 мың доллар алатыны клубтың сайтында жазылып тұрса жанкүйерлер талап етеді ғой.
Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Кәсіби спорт, футбол - бұл негізі бизнес. Ал, әлемде кәсіби спорт мемлекеттің мойнына мініп алмайды. Сондықтан, бюджетке байланған футбол клубтарының барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажет.

Одан үнемделген қаржыны балалар футболына бөлу қажет,-дейді Фазылбек Әбсаттар.

Ол Түркияда бапкерлік курсын оқып келген. Қазір қазақ балаларына футбол әдістерін үйретіп жүр. 9 бен 17 жас арасындағы балаларды тегін дайындайды. Бір қызығы, жобасын жүзеге асыруға Қазақстаннан демеуші таппаған. Қаржыны Түркиядан тартып отыр.

Фазылбек Әбсаттарұлы, футбол клубының жетекшісі:
 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Қазіргі таңда 120 бала дайындап жатырмыз. Мемлекет тарапынан бір тиын қолдау, демеу жоқ. Бұл қайтарымсыз қаржы. Бізде келісімшартта солай жазылған. Бұл қайырымдылық іс. Негізгі мақсатымыз - Қазақстанның балаларын Түркия футбол нарығына шығару.

Түркия лигасы Еуропада ТОП 10-дықта болмаса, соның өзі біздің жастар үшін үлкен мүмкіндік деуге болады.

Аманкелді Сейтхан, тілші:
14-15 жастағы мына балалар енді 2-3 жылдың көлемінде кәсіби клубтардың қатарына қосылуы керек. Ал, жалпы еліміз тәуелсіздік алғалы 30 жылдың ішінде футболшылардың 2 буыны өсіп шықты деуге болады. Бірақ, әлі күнге дейін Еуропаның танымал клубтарында ойнайтын бірде-бір ойыншымыз жоқ. Ал, көршілес өзбек ойыншылары бірнеше клубтарда ойнап жүр. Тіпті, Италияның белді клубтары бар. Ал біреуі тіпті жақында Реал Мадрид қақпасына гол салған болатын.

Көрші елдермен салыстырғымыз келмесе де, олар инфрақұрылым бойынша да озып кеткендей...

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазақстан 30 жылда 1 ғана стадион салса, футбол бюджеті бізден екі есеге жуық аз Өзбекстан 10 стадион салып тастаған. ФИФА рейтингісі бойынша қазір Қазақстан 125 орында тұр. Ал ТМД елдеріндегі футбол бюджеті ең аз – Қырғызстан 96-орында.

Біздің футболдың деңгейін осыдан-ақ ұғуға болады. Дегенмен, арасында Бауыржан Исламхан, Еркебұлан Сейдахмет сынды бірді-екілі жастар жарқырап көрінеді. Бірақ, олар неге шет елдерге шықпайды?

Бек Төлеу, футбол сарапшысы:
Көп жағдайда біздің футболшылар тіл білмейді. Ағылшын тілін білмейді. Ол да көп кедергі болады. Мысалы Жуковтың да сұхбатынан байқасаңыз соны айтады. Содан кейін ол жақта барғанның өзінде төменгі деңгейдегі командалардан бастау керек. Ол жерде жалақы Қазақстанның деңгейінде жалақы бере бермейді ол жақта топ клубтар болмаса. Ал, олар көп ақшадан, жақсы жалақыдан айырылып қалғысы келмейді.

Легионерлерге көп мүмкіндік бергендіктен болар, кезінде миллиондап қаржы жұмсап, Бразилияға жіберген балалар да бүгінде көрінбей кетті. Ал, сарапшылар қазір Бразилияға емес, Еуропа футболына қарау керек,-дейді.

 Бек Төлеу, футбол сарапшысы:
Норвегияның, Данияның, қазіргі Белгияның бір Еуропада футболы көтеріліп жатыр. Мысалы, Холланд қайдан шығып жатыр деген сұрақтар. Олардың жүйелерін қарау керекпіз деп ойлаймын. Ол жақта мысалыға 13 жасқа дейінгі балаларда жарыс өтпейді. Өйткені, ол баланың психологиясына әсер етеді. Мынандай ірі есептер тіркеліп жатса жеңіліп жатса қарсылас командағы ойыншы қосып жібереді. Басқа да мотивациядар жасайды екен.
Фазылбек Әбсаттарұлы, футбол клубының жетекшісі:
Менің тәжірибем дәлелдеді. Қазақтың балаларының футболға мүмкіндік берсе нәтиже көрсетіп жатырмыз.  Біз Португалияның халықаралық Брага кубогын жеңіп алдық. 10-нан астам Еуропа елі қатысты. Беделді, атақты деген футбол академияларының түлектері қатысты.

Әрине, жеңіске құштар бала жетерлік. Тек олардың үмітін оятып, жігерін жани білу қажет. Ал, біз айтқан осы мәселелер шешілмесе, жақында Қазақстан футболының дамуы қиын сияқты. Ал, ұлттық құрамамыз соңғы 16 ойынның біреуінде ғана жеңіске жетіпті. 


  

Хабарламаларға жазылу