Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев аймақтардағы мәслихат хатшылары мен «Өңір» депутаттық тобының мүшелерімен кездесті. Кездесуде еліміздің Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістіктері және жергілікті өкілді органдардың өңірлердің дамуындағы рөлі сөз болды. Сенат спикері Мемлекет басшысының барлық бағдарламалары мен бастамаларының өңірлерде табысты орындалуында мәслихаттардың рөлі ерекше деді. Құрамы жаңарып, жаңа жұмыс жоспарын қабылдаған «Өңір» депутаттық тобы енді өңірлерге барып, жергілікті халықты алаңдатқан мәселелерді тізіп шықпақ. Мәулен Әшімбаев мәслихат хатшыларын аталған өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуде белсенділік танытуға шақырды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Ең алдымен Мемлекет басшысы 5 жылда қалалар мен ауылдарды 100 пайыз таза ауыз сумен қамтуды тапсырды. Оған қажетті ресуртар қуатты өңірлер ел дамуының негізгі драйвері ұлттық жобасында қамтылған. Мәслихаттар Президентіміздің барлық бастамаларының жергілікті жерде нәтижелі жүзеге асырылуына өздерінің үлесін қосады деп сенеміз.
Сәбит Әлдебай