Атырау облысының әкімі есеп берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысының әкімі есеп берді

19.11.2021

Өмір сапасының маңызды көрсеткіштері бойынша Атырау облысы республикада бірінші орында. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіне келген аймақ басшысы Махамбет Досмұхмбетов осылай деді. Жалпы өңірлік өнім 600 миллион теңгеден 7,7 трлн теңгеге дейін өскен. Облысқа 31 трлн теңге инвестиция тартылған.

Атырауда еліміздегі мұнайдың 55 пайызы өндіріледі. 28 жылда тек Теңіз кен орнында мұнай өндіру 30 есе өсті. Жалпы салаға 100 млрд доллар инвестиция тартылды. Әлемдегі ең ірі кеніштердің бірі Қашаған іске қосылып, қазір жылына 16 млн тонна мұнай өндіріледі.

Махамбет Досмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:
30 жылда облыста 179 білім беру, 90 денсаулық сақтау, 37 спорт ғимараты, сондай-ақ 31 мәдени нысан салынды. Өңірде 11,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2 мың 200 шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, жөндеуден өтті.

Атырау - Қазақстанның батыс қақпасы. Қай-қай жағынан да стратегиялық маңызды аймақ. Жуырда «Алтын орданың 750» жылдығы сән-салтанатпен мерекеленді. Бірнеше империяның астанасы болған Сарайшық қаласын туризм орталығы ету қолға алынбақ.

Жыл басынан бері облыста 6,7 трлн теңгенің өнімі шығарылған. Аймақтың республика өнеркәсібіндегі үлесі 23 пайыз. Ал, негізгі капиталға салынған инвестиция 2 трлн 336 млрд теңге. Бұл республикадағы барлық инвестицияның төрттен бір бөлігі.

Ғабит Бөкенбай


Хабарламаларға жазылу