Украина қорғаныс министрі Ресейдің өз еліне қарсы жаңа әрекеттеріне жол бермеу үшін әлемді бірлікке шақырды. Алексей Резников мұндай мәлімдемені бейсенбі күні Пентагонға сапары кезінде жасады.
Ал, оның америкалық әріптесі Ллойд Остин бұны шабуылға әзірлік деп сипаттамаса да, Путин мырзаның нақты не ойластырып жатқанын әзірге білмейтінін атап өтті. Айта кетсек, соңғы кездері Киев пен Вашингтон Ресей жауынгерлері Украина маңына мыңдап шоғырланып жатыр деп алаңдап отыр.
Мәскеу болса, мұндай риториканы арандатушылық деп атап, НАТО-ның аймақтағы белсенділігінің артқанына шағымданды. Сонымен қатар, Кремль басшысының сөзінше, Батыс Мәскеудің «қызыл сызықтан аспау» туралы ескертулерін дұрыс салмақты қабылдамай келеді.
Арыстан Рысбек