Түркітектес мемлекеттердің танымал қаламгерлері әдебиет саласындағы тың жаңалықтарымен бөлісті. Ертең Түркі дүниесі Жазушылар одағының кеңесі ресми түрде өз жұмысын бастайды.
Бақытжан Омар, тілші:
Түркі дүниесінің әдебиет журналдары редакторларының конгресі бұған дейін Астанада өткен болатын. Енді міне, кезек Ескішехир қаласына келіп отыр. Түркі дүниесіне танымал 50-ге жуық жазушы бас қосып, осы салада атқарылатын ортақ жұмыстарды талқылады.
Жазушыларды түркі елдері арасындағы әдебиет саласындағы байланыстың жеткілікті дамымағаны алаңдатып отыр. Олардың айтуынша, халықтардың бір-бірінің мәдени мұраларын, әдеби кітаптарын жақыннан тану үшін ортақ тіл қажет. Тіпті түркітектес елдердің жазушылары бір-бірін танымайтын болып шықты. Сондықтан, осы салада аянбай тер төгу қажет, дейді олар.
Төлен Әбдік, жазушы:
Бірімізді толық тану деген үлкен мәселе. Жаңа ғана Омар Сұлтан деген қырғыздың жазушысы менімен қатар отырды. Біз-бірімізді толық тани алмай жатырмыз.
Ол үшін жазушылардың еңбектерін өз тілдеріне аударып, туындыларды түркі дүниесінің ортақ қазынасына айналдыру қажет. Сол кезде ғана түркі елдерінің әдебиеті шын мәнінде молая түседі. Бұған ертең құрылатын Түркі кеңесіне мүше елдердің Жазушылар одағының кеңесі айтарлықтай үлесу қосуы тиіс, дейді мамандар.
Якуп Өмероғлу, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы:
Сол бірлікке тек Түркі кеңесіне мүше елдердің Жазушылар одағы ғана емес, өзге де түркі елдерінің Жазушылар одағы да кіре алады. Жазушылар одағы бірігіп, түркі дүниесінің әдебитін, мәдениетін, ақындарының өнерін бір-біріне таныстырып, мәдени байлығымызды бір-бірімізге таратып, тағы да өрістету үшін жұмыс істейді.
Жиын барысында бірқатар танымал жазушылар арнайы төсбелгімен марапатталды. Олардың арасында былтыр «Түркі дүниесінің әдебиет адамы» атанған белгілі жазушымыз Төлен Әбдік те бар.
Бақытжан ОМАР