Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысты

18.11.2021

Сыртқы істер министрлігі мен еліміздің шет елдердегі елшіліктері сыртқы экономикалық байланысты күшейту қажет. Салаға жас мамандарды тартып, пандемия кезінде әлсіреген бағыттарды қайта қалпына келтіруге қамдану керек. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін ведомство өкілдерімен кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. Президент сыртқы саясат ведомствосының алдына бірқатар жаңа міндет қойды және нақты тапсырмалар берді. Жұрағат Баман тарқатады.

Сыртқы істер министрлігінің алқа жиыны соңғы алты жылда алғаш рет өткізіліп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл салада көп жыл еңбек еткені мәлім. Саланы түп-тұқиян, түбірінен білетін Мемлекет басшысы елдің сыртқы мәселелеріне жауапты тұлғаларға жаңа міндет-мақсаттарды айқындап берді. 
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүкіл әлемді пандемия жайлағанына екі жылға жуықтады. Оның салдары Қазақстанға да оңай тиген жоқ. Біздің дипломатиялық корпус осы күрделі кезеңде жоғары деңгейде қызмет етті. Шетелдегі мыңдаған азаматымызға көмек көрсетті. Сыртта қалып қойған отандастарымызды елге алып келу үшін тиісті жұмыс атқарды. Дипломаттарымыздың арқасында Қазақстанға гуманитарлық көмек жеткізілді. Біз де бірқатар мемлекеттерге қолдау көрсеттік. «Вакциналық дипломатияның» арқасында Орталық Азиядағы індетке байланысты ахуалды тұрақтандыруға үлес қостық.
Індет басталғаннан бері жаһанды дағдарыс жайлады. Шекаралар жабылып, алыс-беріс азайды. Онлайн өмір оңай болмады. Енді аурудың беті бері қарай бастағанда сыртқы саяси жұмысқа жаңа серпін керек деді Президент.
 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіру үшін мемлекеттер арасында шетел инвестициясына талас күшейді. Сыртқы істер министрлігі – инвестиция тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыратын уәкілетті орган. Біз министрлікке осындай ерекше мәртебе бердік. Сондықтан, бұл мүмкіндікті толыққанды пайдалану қажет.
Пандемия әлем елдеріне азық-түлік қауіпсіздігі саласының ең маңызды бағыты екенін көрсетті. Шеттен тауар кіргізілмегенде әр мемлекет өз өніміне ғана иек артатын күн туды. Кей мемлекетте судың өзі өзекті мәселеге айналды. Осы орайда Президент шекарадағы қиындықтарды реттеп, трансшекаралық өзендер мәселесін шешу кезек күттірмейтін тақырып екенін нық айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Су дипломатиясы» бойынша келіссөзді тезірек аяқтау Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің және Ресей мен Қытайдың ортақ мүддесіне сай келеді деп санаймын. Трансшекаралық су ресурстарын әділ және тиімді пайдалану аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі болмақ.
Қазақстан - Орталық Азиядағы экономикасы мығым мемлекеттердің бірі. Батыстан шығысқа, солтүстіктен оңтүстікке созылған тас жолдар қазір бұрынғы Жібек жолы іспеттес. Біздің ел арқылы Ресей мен Қытай секілді қос алпауыт пен Еуропа мен Азия байланысып отыр. Осы әлеуетті әрі қарай дамыту қажет. Мәртебемізді бекіту керек.
 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Еліміз Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын күре жолдардың бойындағы транзиттік-логистикалық хабқа айналуға тиіс. «Нұрлы Жол» бағдарламасы және көрші елдердің инфрақұрылымдық бастамалары осыған негіз болады. Бұл жұмыста министрлікке айрықша міндет жүктеледі. Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайту. Мен жоғарыда айтқанымдай, бұл – аса маңызды міндет. Біз осы аймақта ерекше мәртебеге ие екенімізді батыл мәлімдей білуге тиіспіз. Бұған толық негіз бар. Атап айтқанда: - экономикамыз Орта Азиядағы басқа елдердің экономикасына қарағанда әлдеқайда қуатты; - біз Еуразиядағы басты көлік дәліздері тоғысқан геостратегиялық орталықта тұрмыз;
Осы істің бәрін өрге өрлету үшін қазақстандық дипломатияға жаңа келбет керек. Салаға өзге тілдің бәрін білетін, өз тілін құрметтейтін жас мамандар тартылуы тиіс деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Білімді, білікті әрі елге адал қызмет еткісі келетін жастар үшін министрлікке жұмысқа тұру – «алынбас қамалдай». Бұл ахуалды түзеп, кадр саясатын түбегейлі қайта қарайтын кез келді. Дипломатиялық қызметке, ең алдымен, көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл мамандар қажет. Қазақстан атынан шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дипломаттарымыз шетел тілдерін ғана емес, алдымен, мемлекеттік тілді білуі керек.

Президент сыртқы саяси және сыртқы экономикалық мүдделерді одан әрі ілгерілетуге, Қазақстанның халықаралық беделін жүйелі түрде нығайтуға және шет ел мемлекеттерімен екіжақты ынтымақты дамытуға барынша күш салу керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір геосаяси текетірес белең алуда. Қазақстан ешкіммен жауласпайды, халықаралық дауларға килікпейді. Біздің таңдаған жолымыз – айқын. Прагматизмге негізделген салмақты әрі салиқалы саясаттан еш айнымаймыз. Біз екіжақты және көпжақты міндеттемелерден бас тартпаймыз. Даулы мәселелер туындаса, ұлттық мүддемізге сай ұтымды шешім табуға ұмтыламыз. Біз Тәуелсіздік пен егемендікке, еліміздің шекарасы мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін бір де бір келісімге жол бермеуіміз керек. Өйткені, осы қасиетті құндылықтар біз үшін бәрінен қымбат.
Жиын соңында Президент отандық дипломаттардың ел дамуындағы үлесін атап өтіп, оларға Тәуелсіздікті нығайтуға, сыртқы саясатты дамытуға бағытталған жұмыстары үшін алғыс айтты.

Жұрағат Баман

Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігі алқа отырысы Қасым-Жомарт Тоқаев

Хабарламаларға жазылу