Шалғайдағы ауылдар жүйрік интернетпен қамтылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шалғайдағы ауылдар жүйрік интернетпен қамтылады

18.11.2021

Бүгін бірқатар шалғай елдімекен кең жолақты интернетке қосылуға мүмкіндік алды. Zoom арқылы тікелей байланысқа шыққан Алматы облысындағы Ақтерек ауылы бүгін алғашқы рет спутниктік топтамадан сигнал алып, тестілік режимде тексерілді. Осылайша еліміз спутниктік топтамалармен тығыз жұмыс істеуге дайындалып жатыр.

Қазір 4G, яғни интернеттен видеоконтент көруге 600-ден астам ауылдың еш мүмкіндігі жоқ. Ол жерлерге не базалық станция, не талшықты-оптикалық желілерді салып өту көп шығын келтіреді. Жалғыз шешім - спутниктік топтамаларға қосылу.

Сандип Джалан, SES қаржы директоры:

Сигналды біз Көктеректегі телепорт арқылы алуға тырыстық. Жұмыстар оң нәтижесін көрсетті. Сол маңдағы ауылдар бұрын алып көрмеген интернетке қол жеткізді. Қазір біздің спутник арқылы жылдам интернет алуға қауқарымыз бар деп ауыз толтырып айта аламыз. Жобаның игілігін шалғайдағы елдімекендер көреді дегенге сенімдемін.

Осылайша отандық ғарыш орталығы мен SES  жетекші телекоммуникациялар компаниясымен бірлескен жоба алыс жатқан елдімекендердің проблемасын шешпек. Бұған дейін шетелдік серіктес Латын Америкасының бірқатар елдері мен Индонезия мемлекетін кең жолақты интернетке қосылуды қамтамасыз етті.

Мәлік Олжабеков, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсіп вице-министрі:

Жаңашылдық интернеттің жылдам берілуімен ерекшеленеді. Дәстүрлі спутниктерге қарағанда Жерге жақын орналасқан жолсеріктердің сигнал тарату көлемі еселенеді. Бір ауылды шамамен секундына 50 Мбит-ке дейін интернетпен қамтуға мүмкіндік бар. Бұл - өте жоғары көрсеткіш.

Бұл -тестілік режим. Бірақ мамандар бұл жобаға үлкен үміт артып отыр. Сигналды тексеру жұмыстары үш айға созылады. Ешқандай ақау шықпаса, кең байтақ еліміздегі интернет көзін көрмеген өзге елдімекендерге игілік жасалмақ. 

Ламбриан Топузидис


Хабарламаларға жазылу