Алаш жұрты Қанымбек Қасымбековпен қоштасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алаш жұрты Қанымбек Қасымбековпен қоштасты

17.02.2014
Алаш жұрты Қанымбек Қасымбековпен қоштасты
Қазақ киносы тағы бір қайталанбас тұлғасынан айырылды. 71 жасында бақилық болған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, танымал режиссер Қанымбек Қасымбековті бүгін Алаш жұрты ақтық сапарға шығарып салды.
 
Қабырғасы қайысқан қалың жұрт киногерімен өзі жұмыс істеген «Қазақфильм» киностудиясының алдында  қоштасты. Табанды еңбегі мен адами қасиеті туралы естеліктер айтты.
 
Режиссердің ұлттық бояумен өріліп, әжуамен көмкерілген «Шоқ пен шер», «Саған күшік керек пе?», «Жамбылдың жастық шағы», «Қоштасқым келмейді» фильмдері көрерменнің мәңгі жүрегінде.
 
«Бозторғайды» әуелеткен Мейрамбек Бесбаевтан тек әнші ғана емес, актер де шығады». Кинорежиссер Қанымбек Қасымбеков осылай деген. Сондықтан, әншіні жастардың албырт махаббатын баяндайтын «Қоштасқым келмейді» туындысына басты рөлге алады. Қос ғашықты үнмен емес, көзбен ұғыстырады. Сол арқылы бүгінгі жастарға махаббатты қалай қастерлеу керектігін түсіндіреді.
 
Мейрамбек Бесбаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
Мен ол кезде кішкентай баламын. Түсірілім кезінде таңғы сағат 6-да таяқпен түртіп оятатын. Театр өнерін меңгеруіме, киноға қызығуыма себепкер болған кісі. Мен ол кісіге қарыздармын.
 
Қанымбек Қасымбеков еңбек жолын 1971 жылы бастайды. Алғашқы туындысы «Шоқ пен шерді» түсіреді. Жас суреткердің еңбегі халықаралық «Монте Карло» кинофестивалінде үздік атанып, «Күміс Нимфа» жүлдесін иеленді. Режиссер бұл дәрежеге тоқмейілсіген жоқ. Керісінше, шабытына шабыт қосты. Актер таңдағанда талапшыл болды, алайда, адамгершіліктен аттамады.
 
Сламбек Тәуекел, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер:
Бұл кісі ұлттық боуядың шебері еді. Абдолла Қарсақбаевты қазақ балалар киносының атасы десек, Қанымбек соның ізбасары.
 
Ғұмыр жолын кино алаңына арнаған талант иесі талай өрелі туындыларымен балалар кино қоржынын толтырды. Қазақ киносының қарыштап дамуына сүбелі үлес қосқан атпал азаматтың жарқын бейнесі халқының мәңгі жүрегінде.
 
 
Айгүл ЕРМАХАН

 

 

Хабарламаларға жазылу