Түркіcтан облысында барлық бағыттағы жолдар ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркіcтан облысында барлық бағыттағы жолдар ашылды

18.11.2021

Түркістан облысында барлық бағыттағы жол түгел ашылды. Қазір көлік қатынасына ешқандай шектеу жоқ. Үзілген электр желілері қалпына келтіріліп, 30-дан аса елдімекендегі тұтынушыға жарық берілді. Десе де кешегі қатты боранның салдарынан әлі де Түркістан қаласы мен Бәйдібек, Созақ, Сайрам және Төлеби аудандарындағы 25 елдімекенде 5 мыңға жуық абонент жарықсыз отыр. Апат салдарын жоюға жарыққа жауапты мекеменің 11 бригадасындағы 50-ге жуық маман мен 12 арнайы техникасы жұмылдырылған. Алайда ауа райын болжайтын мекеме мамандарының хабарлауынша, алдағы күндері өңірде тағы да құбылмалы күн райы сақталуы мүмкін. Сондықтан мамандар жүргізушілер мен жолаушыларға жолға шыққанда абай болуды ескертеді.

Ерік Сарыбаев, Түркістан облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

18 қараша күні түнде де Түркістан облысының тау бөктеріндегі аудандарында қатты жауын-шашын, жаңбыр, қар, облыстың солтүстігінде, батысында, оңтүстігінде шаңды дауыл күтілуде. Облыстың басым бөлігінде 15-20 м/с, облыстың таулы аудандарында 23-28 м/с, ал таулардағы асуларда 30 м/с дейін болуы күтілуде.

Жамбыл облысындағы дүлей дауыл кезінде Жалпақтөбе ауылында 17 жастағы бозбала қайтыс болды. Жойқын жел басталған кезде ол жер үйдің төбесінде болған. Құйын ұшырып, жерге құлаған бала жедел жәрдем келгенше көз жұмған.

Жалпы, кешегі шаңды дауылдан соң 53 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың төртеуі Тараз қалалық ауруханасына жатқызылып, басқалары үйлеріне жіберілген. Облыстық балалар ауруханасына да 4 бала түскен. Оның үшеуі ем алып жатыр. Байзақ аудандық ауруханасы дәрігерлерінің көмегіне жүгінген 4 тұрғынның біреуі ем қабылдауға жатқызылды. Олардың көбі мертігіп қалған. 

Хабарламаларға жазылу