Қазақстанда қант диабетіне шалдыққандар саны артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда қант диабетіне шалдыққандар саны артып келеді

17.11.2021

Қазақстанда жыл сайын қант диабетіне шалдыққандардың саны артып келеді. Бұл көрсеткішке коронавирустың да тигізген кері әсері көп. Мамандар мәліметінше, қазір ересектердің оннан бір бөлігі осы дерттен зардап шегіп отыр. Диагноз дер кезінде қойылған жағдайда бұл ауруды жеңуге болады. Өкінішке қарай, науқастардың көбі асқынған кезде ғана дәрігерге жүгінеді екен.

Алматылық Ольгаға дәрігерлер бес жыл бұрын қант диабеті диагнозын қойған. Зейнеткер ағзасындағы қант мөлшерін жиі тексертіп, тамақты талғап ішеді.

Ольга Головушкина, қала тұрғыны: 
Үш айда бір тексеріліп тұрамын. Дәрігерлердің бақылауындамын. Көз дәрігері мен хирургке жиі қараламын. Басында басым айналып, тәбетім жоғалып кетті. Қазір жағдайым жақсы.

Сусамыр - тұқым қуалайтын ауру. Сонымен қатар, адамның жасы ұлғайған сайын қант диабетіне шалдығу қаупі жоғары. Десе де, дәрігерлер соңғы кезде осы індеттің жастар арасында белең алып жатқанына алаңдаулы.

Айнұр Акуова, дәрігер-эндокринолог:  
Қант диабеті бұрын ересек адамдар арасында көп тіркелсе, қазір жастар көп ауырып жатыр. Олардың арасында жасөспірімдер, балалар, тіпті, жаңадан туған сәбилер де бар.

Қазақстан диабеті зерттеу қоғамдық қорының дерегінше, Алматы қаласында бұл дерт өлім-жітім саны жағынан жүрек-қан тамыры ауруларынан кейін екінші орында тұр. Әсіресе коронавирус пандемиясынан кейін қайтыс болғандар қатары күрт артқан.

Руслан Закиев, Қазақстан диабет қауымдастығының басшысы: 
Коронавирус қант диабетімен ауыратын науқастарға оңай соқпады. Біздің ақпаратымыз бойынша осы індеттен қайтыс болғандардың 60 проценті сусамырмен ауырғандар.

Мамандар қант диабетіне шалдыққандардың саны жыл сайын артып келеді дейді. Ресми деректерге сүйенсек, 2006 жылы елде 151 мың науқас болса, 2013 жылы 225 мың адам тіркелген. Биыл бұл көрсеткіш 380 мыңнан асты. Сусамыр елімізде тегін емделетін ауру түріне жатады.

Тілеухан Әбілдаев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалының директоры: 
Мемлекет тарапынан 48 түрлі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар тегін беріледі.  Одан бөлек 22 түрлі инсулиннің түрлері де осы тегін дәрі-дәрмектердің аясында біздің елімізде қант диабетіне шалдыққан азаматттарға беріліп отырады. 

Дәрігерлердің сөзінше, қант диабетінің пайда болуына басты себеп – дұрыс тамақтанбау мен күйзеліс. Аурудың көпке дейін белгісі байқалмайды. Сондықтан денсаулыққа мән беріп, қан құрамындағы қант мөлшерін жиі тексеріп отырған абзал дейді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу