Түркістан облысындағы боран: Төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы боран: Төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті

17.11.2021


Түркістан облысындағы меншікті тілшіміз Айнұр Ақбаева облыстағы жағдайды баяндауға әзір. 
Айнұр Ақбаева, тілші:
Түркістан облысының орталығы мен сегіз ауданында әлі де ауа райы қолайсыз болып тұр. Түлкібас, Төлеби, Созақ, Бәйдібек аудандарында таңертеңнен бері қатты боран соғып, соңы қарға ұласты. Тіпті ақтүтек бораннан Түлкібас ауданында жол көрінбей қалды. Сондықтан Жамбыл облысымен шекаралас Машат ауылына дейінгі күре жол жабылды. Мұнда автокөліктің барлық түрлеріне шектеу қойылды. Бәйдібек пен Созақ аудандары арасындағы жол қатынасы да тоқтатылып, Шолаққорғаннан Ащысайға дейінгі жолдар жабылды. Өңірде Түркістан қаласы мен 8 аудандағы 46 елдімекенде электр желілері үзіліп, жарық сөніп қалды. Қазығұрт асуында да жол жүру біршама қиындық туғызуда. Облыстық төтенше жағдайлар қызметі шұғыл шаралар қабылдап, күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Арнайы штаб құрылып, жергілікті тұрғындарға алыс сапарларға шықпау керектігі ескертілуде.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу