Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейстері ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейстері ашылады

17.11.2021

Қазақстаннан Америка Құрама Штаттарына тікелей әуе рейстері ашылады. Бұл мәселе бүгін Мәжілістің жалпы отырысында талқыланып, екі елдің Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісім ратификацияланды. Қазақстан мен Америка арасында тікелей әуе рейстерін 2025 жылдан бастап ашу жоспарланып отыр. Оған дейін біздің жақтан таңдалған әуе компаниялар авиа қауіпсіздік сертификаты және ұзаққа ұша алатын ұшақтар алу мәселесін шешу керек. Соңғы 2-3 жылдағы статистика бойынша, жыл сайын Америка Құрама Штаттарына Қазақстаннан 160 мыңнан астам адам барып қайтады. Ал енді тікелей әуе рейстер ашылса, жолаушыларға ақша мен уақытты үнемдеуге мүмкіндік туады. Екі ел арасында туризм дамып, сауда-саттық деңгейі де тың серпін алады. Бұл - ел тарихындағы алғашқы ашық аспан режиміндегі келісім.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі: 
Кез келген қазақстандық әуе компаниясы үшінші елдерге жолаушыларды жеткізу және әкелу құқығымен, Қазақстанның кез келген қаласынан АҚШ-тың кез келген қаласына рейстер бойынша шексіз санмен жолаушылар тасымалын, сондай-ақ АҚШ пунктері мен кез келген пунктер арасында жүк тасымалын орындай алады.


Хабарламаларға жазылу