Кім-кім болса да, жанына рухани азықты театрдан іздейді. Күйбең тіршіліктен қамығып, мезі болғандар да театрдан тыныс алады. Тіпті, кейбірі әсерлі қойылымнан қиялдарына қанат бітіріп жатады. Өйткені, театр – мәдениеттің мәні, өнердің таза түрі.
Бірақ, сол саф өнерге қазір қаншалықты көңіл бөлініп жатыр? Отандық театрларымыздың тынысы мен өнерін өмірім деп білетін әртістердің тұрмысы қалай? Бүгін дәл осы тақырып Үкімет отырысында талқыланды.
Аптаның екінші күні. Әдеттегідей Үкімет отырысы. Бүгінгі басқосу театр тақырыбына арналды. Кем-кетік жіпке тізілді, жеткен жетістіктер түзілді. Сандар былай сөйлейді.
Елде ұзын саны 53 театр бар. Оның 9-ы республикалық, 44-і аймақтық театр. Солардың ішіне үңілсек, 24-і драмалық, 8-і музыкалық,7-і қуыршақ, ал 4-і балаларға арналған. 3 опера, 3 сатиралық театрымыз бар. Жастарға арналғаны - жалғыз.
Сол 53-тің 19-ы - егемен ел болғаннан кейін бой көтергендері. Арқа төсіндегі Астананың ажарын ашқан «Астана Опера» театры, Оралдағы Қазақ драма театры солардың санатында. Жап-жаңа ғимараттар Қостанай мен Қарағандыда да бар.
Дегенмен, Кеңес кезеңінде тұрғызылған ескі театрлар да есте. Мәселен, осыдан отыз жыл бұрын ашылған Шымкенттегі қуыршақ театры әлі күнге Никольск шіркеуінің ғимаратында әлі отыр.
Астанадағы Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театры бұрынғы аудандық партия мектебінің акт залында қоныс тепкен. Мұндай мысалдар жетерлік.
Кезіндегі әсем үйлердің көріксізденуі күрмеулі мәселе. Бірақ, театрдағы тағы бір жауыр болған жайт - жалақы. Әртістер қаржылай көтермелеу көрмесе де, қолпаштауға да мәз болып жүр.
Себебі, олардың алатын 30-40 мың теңгесі шайлығына да жетпейді. Мұны қойшы, аты аңызға айналған театр тарландары тоқсан мыңға тоқмейілсіп жүрген кезде.
Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР Театр қайраткерлері одағының төрағасы:
Менің де айлығым - 90 мың. Драма өнері әртістерінің той жағалап, асаба болып, сол жерде өзінің жеке әндерін айтып жүргендері сол жалақының аздығы. Әңгіме ақшада да емес, өнеріміздің әдемі болғанына, халқымыздың қол шапалағына ырза болып жүре беретін ағайындармыз.
Жалақысы аз азаматтарға баспана да берілмей жүр. Министрдің айтуынша, бұрын жылына бірді-екілі әртіс қоныс тойын тойлайтын. Қазірде игі үрдіс сиреп барады. Мәселен, соңғы екі жыл ішінде Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда мен Павлодар облыстарында бірде-бір пәтер бөлінбепті.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Тәуелсіздік жылдарында көптеген посткеңестік елдерде театрлар жабылып, өнер салаларына тыйым салынып жатқан кезде Қазақстанда жаңадан 20 театр ашылды. Ол театрдың төртеуіне арнайы ғимарат тұрғызылды. 12-сіне үлкен күрделі жұмыстар жүргізілді. Астана қаласының өзінде біздің Орталық концерт залы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, сондай-ақ, «Астана Опера» атты әлемдік ең үздік театрлардың қатарына қосылған жаңа опера- балет театры салынды. Дәл осы театр ашылған күні Елбасымыз театрда қызмет істейтін жас әртістерімізге 100 пәтер бөлді. Міне, осы Елбасымыздың үлгі-өнегесі барлық облыс әкімдеріне үлгі болуы керек. Енді облыс әкімдері өздерінің территориясында орналасқан облыстық театрларға тиісті көңіл бөліп, қолдау көрсетіп, олардың қордаланған проблемаларын шешуге атсалысуы керек. Бүгінгі Үкімет отырысы осы мәселеге тиісті серпін береді, деп ойлаймын.
Қазірде республикалық театрда бір спектакльді сахналауға 2 миллион теңгеден астам ақша жұмсалады. Бұл Ресей театрлармен салыстырғанда, 10-15 есе аз. Ал облыстық театрдағы бір спектакльге бөлінетін қаражаттың көлемі республикалық деңгейден 10 есеге төмен. Сондықтан мемлекеттен бөлінетін қаржыны жүйелеу, еселеу керек.
Серік Ахметов, ҚР Премьер-Министрі:
Мемлекет басшысы мәдениет саласының дамуына, оның ішінде театрлардың жағдайына ерекше көңіл бөліп отыр. Оны баршаңыз жақсы білесіздер. Елбасы биылғы Жолдауында ұзақмерзімді мәдени саясат тұжырымдамасын дайындау қажеттігін айтты. Ал, оны театр өнерін дамытпай іске асыру мүмкін емес.
Театр – өнеріміздің өлшемі. Сондықтан, өнер десе, ішер асын жерге қоятын саңлақтардың арқасынан қағу қажет. 2030 жылға дейінгі қабылданған құнды құжат қазақ мәдениетінің жаңа белесі болуға тиісті.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ