Мемлекет басшысы Каспий құбыр желісі консорциумының 25 жылдығына арналған салтанатты жиын аясында Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасарлары Александр Новак пен Алексей Оверчукті қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық және отын-энергетикалық қатынастарды нығайтудың перспективалары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жасыл экономика, атом өнеркәсібі, көлік және логистика салаларын дамытуға, вакцинация паспорттарын өзара мойындауға қатысты екіжақты ынтымақтастықтың өзекті проблемалары қарастырылды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «ЛУКОЙЛ» мұнай компаниясының президенті Вагит Алекперовті қабылдады. Ол Президентке көмірсутегі секторындағы бірқатар бірлескен жобаның жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берді. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі ірі «Қаламқас-Теңіз» жобасының негізгі қағидаттары туралы келісімге «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойл» компаниялары қол қойған болатын. Сондай-ақ, «Хвалынское» кен орнының игерілуі жөнінде де ақпарат айтылды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қалмақ Республикасының басшысы Бату Хасиковты да қабылдады Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бату Хасиков Қазақстан аймақтарының Қалмақ Республикасымен өзара ықпалдастығын дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, экологиялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру мүмкіндіктері қарастырылды.