Қызылордада «Pfizer» вакцинасын алғаш болып медицина мамандары салдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада «Pfizer» вакцинасын алғаш болып медицина мамандары салдырды

15.11.2021

Ел аумағында «Pfizer» екпесін алу басталды. Жасөспірімдер, жүкті әйелдер және емізулі аналарға жаңадан жеткізілген вакцина салынып жатыр. Медициналық ұйымдар мен мектептерде алғашқы дозасын қабылдау қарқыны жақсы.

Екпе алу үшін анасын ертіп келгендердің бірі - Анель. 17 жастағы қыз Pfizer-ге 100 пайыз сенімді. Ол шешім қабылдар бұрын вакцина туралы оқып, ой қорытқан.

Анель Азаматова, қала тұрғыны: 
Менде еш үрей жоқ. Себебі мақала, медициналық зерттеулер көп оқыдым. Сөйтіп қауіпсіздігіне көз жеткіздім. «Pfizer»-ді анамнан бетер күткен едім.

Елорданың емханасында кезек. Жеткіншектерден бөлек емізулі бөбектерін жетектеп аналар да жүр. Жүкті келіншектер де келген. Мақсаты – айналасының амандығы, болашақ ұрпақтың саулығы.

Алматы облысында да «Pfizer» вакцинасын салу басталды. Жалпы, өңірде 12-17 жастағы балалар саны 147 мың. Ал жүкті әйелдер 34 мыңнан асады. Сондай-ақ емізулі баласы бар 44 мың ана бар. Алғашқы болып екпе алуға ниет білдірген ата-аналар дерттен арылудың бірден бір жолы вакцина деп отыр.

Сәуле Қапсаламова, қала тұрғыны: 
Балаларды вакциналау өте қажет. Сонымен қатар, ол балалар үйде жалғыз тұрмайды. Үйде үлкен кісілер бар. Қарт адамдар бар. Өздерінде жеңіл өткенімен, қоздырғыш көзі. Сондықтан да балаларды вакцинациялау өте дұрыс деп ойлаймын.

Қызылордада «Pfizer» вакцинасын алғаш болып медицина мамандары салдырды. Колледждің 72 студенті де ата-анасының рұқсатын алып, екпе қабылдап жатыр. Ал вакциналау оқу орнында жүріп жатыр. Егу кабинеті бөлініп, қажетті құралдармен жабдықталған. Жалпы, Сыр өңіріне «Pfizer»-дің 23400 дозасы жеткізілді. Вакцина қоймада арнайы температурада сақталады. Халық сұранысына қарай шетелдік екпенің тағы 97 мыңы алдырылмақ.

Түркістан облысында екпені егу шарасы 53 мектепте өтті. Дәрігерлер жасөспірімдерді медициналық тексеруден өткізіп, қарсы көрсетілімі болмаған жағдайда вакцина салды. Сондай-ақ бүгін өңірде 68 жүкті әйел «Pfizer» екпесін қабылдады. Жалпы, Түркістанға 30 мыңдай шетелдік препарат жеткізілді.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу