Бірқатар өңірде электр энергиясы тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірқатар өңірде электр энергиясы тапшы

14.11.2021

Еліміздің бірқатар өңірінде электр энергиясы тапшылығы байқалып, нағыз керек сәттерде жарықты өшіріп жатыр. Мысалы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында. Электр энергиясын таратушы ұлттық оператор - KEGOC компаниясы қысымның жоғарылауынан апат болады деп алаңдайтындарын ресми мәлімдеді. Биыл он айда былтырғы сол уақытпен салыстырғанда электр энергиясын тұтыну оңтүстікте 11,6 процентке, солтүстікте 5,7 процентке, батыста 7,5 процентке артқан. Ал өсім бірінші кезекте цифрлық майнингпен айналысатындардың көбеюінен деп түсіндірді.

Майнинг – өте күрделі алгоритм арқылы жаңа электрон монета өндіру процесі. Мұнымен айналысатын майнерлер криптовалюта шығарып, табыс табады. Бұл іске аса қуатты компьютерлер, жылдам істейтін интернет және өте көп электр қуаты қажет. Майнерлердің арасында майнингпен астыртын айналысатындар бар.

Үкімет аса көп мөлшерде заңсыз тоқ пайдаланып, ахуалды ушықтырып отырған жасырын майнерлермен күресу керек деп айтады, бұған дейін де айтқан, бірақ ешқашан нақты мәлімет берген емес. Расында, заңсыз түрде жұмыс істеп жатқан майнер аз емес көрінеді. Олар бұрын ашылған зауытты бүркеніп, ғимарат ішіне керекті техника қойып, өте көп электр энергиясын пайдаланып, тәулік бойы тоқтаусыз криптовалюта өндіреді. Оларды ешкім білмейді. Айтып тұрғанымыздай, билік «сұр майнерлермен» күресу керек дейді, бірақ қалай күресетіндерін тарқатпайды.

Энергетика министрі М.Мырзағалиев те солай деді. Министр осы аптада Жамбыл облысында кеңес өткізгенде, Жамбыл ГРЭС-і үшінші блокты қосуға дайын екеніндерін айтқан. Мырзағалиев 4,5-і блоктарды қалпына келтіруге тапсырма берген. Сонымен бірге тұрғындар, әлеуметтік нысандар тоқсыз қалмасын депті.

Енді жалқы алып қарасақ, Алматыда бірнеше кәсіпорын электр энергиясының шектелуіне байланысты жұмысын тоқтатуы мүмкін. Мысалы, металл өнімдерін шығарумен айналысатын компания. «Энергия тасымалдаушы және «KEGOC» компаниясы бізге берілетін электр энергияны 50 пайызға шектеді. Мұндай жағдайда «ҚазФерроБолат» ЖШС-нің жұмысы іс жүзінде тұралап қалады, негізгі өндіріс тоқтайды, соның салдарынан жүздеген адам ақысыз демалысқа кетуге мәжбүр болады, бюджетке салық түспейді, ал кәсіпорын экспорттық келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындай алмағандықтан, айыппұл алады деген «ҚазФерроБолат» компаниясының Vlast сайтына жіберген хабарламасында. Сонымен бірге энергия шектеулеріне байланысты қала мен облыстағы жалпы саны 14 аурухананы оттегімен қамтамасыз ететін цехтың жұмысы да тоқтатылатынын ескерткен.

Жалпы, электр тапшылығы Алматы, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында, Шымкент және Алматы қаласының түрлі аудандарында байқалған.

Жұрт әлеуметтік желілерде: «1991-1992 жылдарға қайтып келдік пе? Не болып жатыр өзі?» деп жазып жатыр.


Хабарламаларға жазылу