5 жылда кәсіпорындардағы апат саны 30%-ға артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

5 жылда кәсіпорындардағы апат саны 30%-ға артты

12.11.2021

Соңғы 5 жылда кәсіпорындардағы апат саны 30%-ға артты. Биыл тексеріс кезінде 27 мың заң бұзушылық анықталды. Салдарынан 432 нысанның қызметі тоқтатылды. Бірақ, одан жағдай оңалмайды. Сенаторлар жазаны қатаңдату керек деп отыр. Мұндай ұсыныс жасауға апаты пен опаты көп «АрселорМиттал» компаниясы себеп болған. Нысаналы Ығыл тарқатады.

Қауіпсіздік талаптарын бұзған өндіріс басшылары өкіне ме? Жұмысшыларға да жұмсақтық танытса апат тыйыла ма? Сенатор айыпты ақшамен кешіруді қою керек,-деп санайды. Оның орнына қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды. Сергей Ершов өнеркәсібінде өлім-жітім тіркеле беретін Арселор Миталлды мысал етті. 10 жылда 23 апат болған. 2006-2008 жылдары 71 адамның өмірі қиылды. 6 күн бұрын тағы 6 адам көз жұмды. Обалы кімге?

Сергей Ершов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
Ал, бізде әкімшілік жауапкершілік қана бар. Айыппұл төлейді. Болды. Бірақ, біз енді қауіпсіздік талаптарын бұзған басшыны да, жұмысшыны да қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отырмыз. Онсыз жағдай еш оңалмайды.

Қарағандыда екі күннен бері шахтерлардың талабы тыңдалып, талқыланып жатыр. Қаза тапқандар отбасына қаржылай қолдау жасалады. Апат себептері анықталуда. Бірақ, бір нәрсе анық.

Абзал Нүкенов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары: 
Әрине, бұл жерде АМТ өнеркәсібінің үлкен жауапкершілігі болуы керек. Модернизация жұмысын күшейту қажет. Өйткені, көп мәселелер техникалық қауіпсіздікке келіп тіреледі.

Жалпы, қауіпті өндіріс нысандарында 5 жылда 125 апат болып, 110 адам зардап шекті, 53 жұмысшы қаза тапты. Талдауға сәйкес өндірістегі техногенді жағдайлар өршуі мүмкін. Өйткені, қондырғылар ескірген, қауіпсіздік талаптың сақталмауы және еңбек тәртібіне де дел-сал қарау басым. Мемлекеттік инспекторлар тіптен тапшы. Бір қызметкер 600-ге дейін нысанды тексереді.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі: 
Кей кәсіпорындарды айрықша назарда ұстау қажет. Бірақ, кез-келген уақытта барып тінту мүмкін емес. Сондықтан күні бұрын ескертусіз, прокуратураның рұқсатынсыз еркін тексеріс жасау туралы ұсыныс айттық. Себебі, технологиялық процесс сақталмай, өнеркәсіптегі келеңсіз жәйттарды бүркемелеу әрекеті болады.

Сондай-ақ мемлекеттік инспектордың өмірі мен денсаулығын сақтандыруды, қызметтік міндетін орындау кезінде қайтыс немесе мүгедек болса отбасы мүшелерін әлеуметтік қамту керек. Мұны ұлттық жобаға енгізу ұсынылды.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу